Сенаторлар кредит беруге қатысты заңды мәжіліске қайтарды

© Photo : пресс-служба сената парламента КазахстанаДепутаты на заседании
Депутаты на заседании - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2024
Жазылу
АСТАНА, 23 мамыр - Sputnik. Сенат депутаттары кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайтуға қатысты заңға өзгеріс енгізіп, төменгі палата - мәжәліске қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Заң банктік қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде кредиторларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс несие алуын төмендетуді көздейді.
Атап айтқанда, азаматтарға мерзімі өткен кредиттерінің уақыты 90 күннен асқан жағдайда және жұбайының немесе зайыбының келісімінсіз несие беруге тыйым салу қарастырылған. Одан бөлек, қаржы нарығындағы кибер алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері де ескерілген. Енді электронды қарыздар беру кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары клиентті биометриялық сәйкестендіру тәртібін жүргізуге міндеттеледі.
Талқылау барысында сенаторлар құжаттағы нормаларды концептуалды тұрғыдан мақұлдап, оған бірқатар түзету енгізді және заңды мәжіліске қайтаруға шешім қабылдады.
Сенаторлар ұсынған өзгерістер:
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін Ұлттық Банк бюджетінен қаржыландыруға көшіре отырып, оны республикалық бюджеттен қаржыландыру құрамынан алып тастау;
мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде заңда көзделген қарыз өтеуді кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту;
“Бұл түзету запасқа шығарылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасуға және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге уақыт беру мақсатымен қарастырылып отыр”,- дейді депутаттар.
Заң арқылы азаматтардың банк несиелері мен микрокредиттер бойынша қарыздарын коллекторларға сатуға екі жылдық, яғни 2026 жылғы 1 мамырға дейін мораторий енгізу ұсынылып отыр. Сотқа дейінгі реттеу және атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Банк омбудсманының өкілеттіктері кеңейтіледі. Сондай-ақ, жаңа микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі.
“Бүгін сенаторлар енгізген өзгерістер заңның жекелеген ережелерін жетілдіруді көздейді. Осы заңда көзделген шаралар азаматтарымыздың құқықтарын тиімді қорғауға және қаржылық сауаттылықты арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз”,– деп атап көрсетті сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Жаңалықтар
0