Рұқсат қағаз, квота, заң: еңбек мигранттарын шақырғанда нені ескеру керек

© Sputnik / Тимур БатыршинЛепешки
Лепешки - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2024
Жазылу
Заң бойынша Орталық Азия елдерінен келген еңбек күшін жеке тұлғаның үй шаруашылығында ғана пайдалануға болады
АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. Қазақстанда шетелдіктерді жұмыс күші ретінде тартуға рұқсат бар. Бірақ кейбір адамдар барлық заң талаптарын орындаса да, айыппұл арқалап жатады. Sputnik Қазақстан агенттігіне хабарласқан астаналық Нұрлан Жақиянов та ойламаған жерде айыппұл арқалады. Қала тұрғыны еңбек мигранттарын жұмысқа тарту барысында тап болған мәселелер жөнінде айтып берді.
Үйге тіркелген адам ешқайда шыға алмайды
Нұрлан Жақиянов келіншегі екеуі дүкен ашқан. Кәсіп әйелінің атында, өзі азық-түлік тасып, көмектесіп жүреді. Биыл дүкенде тандыр нан пісіруге шешім қабылдайды. Ол үшін көрші елден екі адам шақырып, рұқсат қағаздарын да рәсімдеген.
"Мен барлық рұқсат қағазын алып, екі жігітті өз атыма рәсімдеп қойдым. Үйге тіркедік. Сөйтсе, олар тек үйде ғана жұмыс істеуі керек болып шықты. Мәселен, үйде аспазшы болса, тек маған қызмет көрсетеді. Заң бойынша солай екен. Ал жеке кәсіпкердің атына тіркеуге рұқсат беретін заң жоқ. Жеке адамға ғана рәсімдейді", - дейді Жақиянов.
Біршама уақыттан кейін дүкенге тәртіп сақшылары келеді. Олар үйге тіркелген еңбек мигранттарына дүкенде жұмыс істегені үшін айыппұл салды.
"Дүкенде жұмыс істеген екі жігіттің әрбіреуіне 93 мың теңгеден айыппұл салды. Сосын маған жеке тұлға ретінде 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни 55 380 теңге көлемінде айыппұл жазып берді. Енді, оларда ақша жоқ қой, бәрін мен төледім. Осылайша, 250 мың теңге шығын шығаруға тура келді", - деп атап көрсетті ол.
Шетелдік еңбек күшін жеке кәсіпте қолдануға бола ма
Заң бойынша Орталық Азия елдерінен келген еңбек күшін жеке тұлғаның үй шаруашылығында ғана пайдалануға болады.

"Рұқсат қағазда да солай жазылады. "Жеке тұлғаның үй шаруашылығында еңбек қызметіне берілетін рұқсат" деп аталады. Демек, ондай рұқсат қағазын алған адамдар заңды тұлғаға, шаруа қожалықтарында және басқа да кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істей алмайды. Тек үйде ғана көмектесуге рұқсат бар. Үй саласыз ба, бау-бақша егесіз бе, үй шаруашылығына қатысты жұмысқа тарта аласыз. Ал тандыр нан пісіру бизнеске жатады. Сол үшін айыппұл салынды", - дейді заңгерлер.

Алайда жеке кәсіпкердің атына шетелдік еңбек күшін рәсімдеуге болады. Ондай рұқсат жылына бір рет тек квотамен беріледі.
"Әрине, ондай рұқсаттың бағасы да, салығы да жоғары, жеке тұлғалар айына 1 АЕК төлесе, квотамен берілетін рұқсат бойынша салықтар әлдеқайда жоғары болады. Оны алу үшін әкімдікке өтініш жазу керек. Сосын комиссия жиналып, жылдың соңында квотаны анықтайды", - деп атап көрсетті мамандар.
Заң не дейді?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабына сәйкес, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сай болмаса, 25 айлық есептік көрсеткіш, яғни 92 300 теңге көлемінде айыппұл салынады. Айыппұл салынбаса, 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу немесе Қазақстаннан шығарып жiберу шарасы қолданылады.
Ал 519-бапта шетелдiк жұмыс күшiн және көшiп келушілерді тарту заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Оған сәйкес, жұмыс берушiнiң шетелдiк жұмыскердi жергiлiктi атқарушы органның шетелдiк жұмыс күшiн тарту туралы рұқсатында көрсетiлген лауазымға сәйкес келмейтiн кәсіпке тартқаны үшін айыппұл салынады.
жеке тұлғаларға – 30 АЕК (110 760 теңге);
лауазымды адамдарға – 50 АЕК (184 600 теңге);
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (369 200 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (738 400 теңге);
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 700 АЕК (2 584 400 теңге);
Қазақстанда жыл сайын "Мигрант" шұғыл алдын алу шарасы өтіп тұрады. Астаналық Нұрлан Жақиянов та осындай шара кезінде айыппұл арқалады.
 Мигранты на белорусско-польской границе - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.11.2021
Әлем
Мигранттар санының артуына не себеп болды
Жаңалықтар
0