Тоқаев Орталық Азия елдерін араздастыруға тырысушы күштерге бірлесіп қарсы тұруға шақырды

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаТоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады
Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.05.2024
Жазылу
АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын аймақтағы елдерді бір-біріне қарсы қоюға және оларды араздастыруға тырысушы бөгде күштерге бірлесіп қарсы тұруға шақырды, деп хабарлады Ақорда.
"Біз мұндай тәсілдер мен әрекеттерге ашық қарсымыз. Бұған күмән болмасын. Жалпы, біздің елдеріміз арасында өзара оңтайлы шешім таба алмайтын мәселе жоқ және болмауға тиіс. Тек ортақ іс-қимыл синергиясы мен өзара қолдау бауырлас халықтарымыздың өркендеуіне жол ашатынына сенімдімін", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев осы басқосуды пайдалана отырып, Қазақстандағы су тасқыны кезінде бауырлас халықтардың тілеулестік танытып, көрсеткен көмегі үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.
"Біз мұны жоғары бағалаймыз және оны шынайы достықтың, тату көршіліктің және өзара қолдаудың айқын дәлелі ретінде қарастырамыз", – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесудің қорытындысы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
"Біз ахуалдың ынтымақтастықты дамыту және өзара сенім бағытына қарай түбегейлі өзгергенін ерекше атап өтеміз. Осыдан 10 жыл бұрын Орталық Азия өңірінде мұндай жағдай болған жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Экономикалық ведомстволарды басқаратын тұлғалардан бөлек, қазір мемлекеттер басшылары, үкіметтер мен күштік құрылымдардың жетекшілері, қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасайды. Бұл Орталық Азия аймағындағы жағдайдың орнықты даму бағытына түскенін көрсетеді", – деді Қазақстан президенті.
Жиынға Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманкулов, Тәжікстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Насрулло Махмудзода, Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов және Түрікменстанның Қазақстандағы елшілігінің әскери атташесі Аннамырат Ягмыров қатысты.
Жаңалықтар
0