Ауғанстанға баса мән беруіміз керек – Тоқаев

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаТоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады
Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.05.2024
Жазылу
Бұл елде күрделі әрі түрлі бағыттағы процестер жүріп жатыр, деді мемлекет басшысы
АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Бұл турлы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен кездесуінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық ынтымақтастық барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
"Мемлекетаралық саяси диалог та мүлде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономикалық ықпалдастық белсенді түрде кеңеюде. Кейінгі бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80 пайыздан астам артып, 10 миллиард доллардан асқан", - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бұл ретте елдер арасындағы экспорттық-импорттық операцияларды жоспарлы түрде ұлғайту, тауарлардың номенклатурасын көбейту мәселелері шешіліп жатыр. Бизнес арасындағы байланыс күшейіп, бірлескен кәсіпорындардың саны арта түсті.
"Аймақтық ірі жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын да өзгертеді. Көлік-логистика әлеуетінің еселенуі өңірдің қарқынды дамуы үшін берік негіз болады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар жанданып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді", – деп толықтырды ол.
Президенттің пікірінше, бұл процестер өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы нәтижелі диалогпен дәйектелуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлердің көбі трансшекаралық сипатқа ие екенін айтты. Сондықтан оларға қарсы тұру үшін күш-жігер біріктіру қажет.
"Бұл жерде, ең әуелі, халықаралық экстремизм мен терроризмге, есірткі тасымалына, қару-жарақ саудасына қарсы күрес туралы сөз болып отыр. Осы орайда Ауғанстанға баса мән беруіміз керек. Бұл елде күрделі әрі түрлі бағыттағы процестер жүріп жатыр. Онда белгілі бір деңгейде тұрақтану, экономикалық жағдайдың жандану белгілері бар екенін мойындау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екінші жағынан, оның пікірінше, халықаралық террористік ұйымдардың белсенділігіне байланысты қауіп-қатердің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұған Мәскеу облысында жұртты қанға бөктірген лаңкестік әрекет дәлел бола алады.
"Біздің ойымызша, Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Мұнда көп нәрсе біздің елдеріміздің үйлесімді ұстанымына байланысты. Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындықтың маңызды кезеңі саналады. Аталған жиын 9 тамызда Астанада өтеді. Сондай-ақ Қазақстан ұйымның биылғы төрағасы ретінде алдағы саммиттің әлеуетін нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Жаңалықтар
0