eGovMobile мобильді қосымшасында жаңа қызмет іске қосылды
Жазылу
Сервисте білім туралы барлық қажетті дерек пен ақпарат бар
АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі "Талдау" ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы" АҚ-мен және "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп eGovMobile мобильді қосымшасында қолжетімді "Bilim" жаңа қызметін іске қосты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлады ведомство.
Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова барлық қажетті деректерді топтастырып, оны азаматтар үшін аса қолайлы әрі қолжетімді еткен сервис туралы айтып берді.
"Bilim" - бірнеше бөлімнен тұрады, онда білімі, оқуды аяқтағаны туралы цифрлық құжаттар, қорғаншылық және қамқоршылық туралы ақпарат, баланың профилі және білім алушы туралы қосымша ақпарат қамтылған. Сондай-ақ педагогтер үшін "Педагог портфолиосы" қолжетімді. Мұнда мұғалімнің электронды құжаты қалыптастырылады, онда еңбек өтілі, қызмет жолы, санаты, аттестаттаудан өтуі бойынша мәліметтер топтастырылған", - деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ сервисте қолданушыларға білім беру ұйымдары мен қолданушы арасындағы шартқа ЭЦҚ арқылы қол қоюға мүмкіндік берілген.
Бұл сервиске өту үшін eGov Mobile қосымшасында "Bilim" бөлімін таңдау қажет.
Айта кетері, қазіргі уақытта бөлімдерді Қазақстан азаматтарының біліміне қатысты қажетті деректермен толтыру жұмыстары жалғасуда.