"Бір апта бойы гүл сыйлап жүрді": Алматы облысында оқушы мектепте көз жұмды
13:43 30.04.2024 (жаңартылды: 15:13 30.04.2024)
© Айдана ДайыроваАлматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында 4-сынып оқушысы мектепте қайтыс болды
© Айдана Дайырова
Жазылу
Мектеп мейірбикесі Жібек Мұхамбаева баланың аяқ-қолының тырысқанын байқаған
АЛМАТЫ, 30 сәуір - Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында 4-сынып оқушысы мектепте қайтыс болды. Қайғылы оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
Бала есімін айтып, анасын шақырған
Оқушы 23 сәуір сағат 11:00 шамасында денсаулығына шағымданған. Сынып жетекшісінің айтуынша, дереу мектеп мейірбекесіне жүгінген.
"Оқушыларды естелік суретке түсіріп жатқан едік. Мөлдір қасыма келіп, "Апай, ішім ауырып тұр" деді, сөйтіп еңкейе берді. Фотограф кісі баланы құшақтап алдына алғанда мен бірден мектептің мейірбикесіне жүгірдім. Ол кісі жүгіріп келіп алғашқы көмек көрсетті", - дейді сынып жетекшісі Айгерім Амалбек.
Мектеп мейірбикесі Жібек Мұхамбаева баланың аяқ-қолының тырысқанын байқаған.
"Заттарымды ала салып жүгіріп барып, баланың есін жидыру үшін нашатыр иіскеттім. Бала "мама" деді. Атың кім деп едім "Мөлдір" деп жауап берді. Қан қысымын өлшесем 60-та 30 болды болды. 7-8 минуттай денесі тырысты. Біз бірден ауылдағы педиатрға хабарластық, олар жедел жәрдем шақыр деді, біз шақырдық. Алғашқы емнің бәрін жасадық. Қан қысымын өлшеумен болдық, жедел жәрдем жарты сағатта келді. Олар қан қысымы 50-де 40, сатурациясы 75 деді", - дейді Жібек Мұхамбаева.
© Айдана ДайыроваАлматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында 4-сынып оқушысы мектепте қайтыс болды
Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында 4-сынып оқушысы мектепте қайтыс болды
© Айдана Дайырова
Бала жатқан кабинетке дереу жеткен мектеп директоры реаниматологияны шақыруды талап еткен.
"Мен кіре салғанда-ақ баланың жағдайы нашар екенін көрдім. Жедел жәрдемге "неге реанимотология шақырмайсыздар" деп жан даусым шықты. Тек содан кейін ғана шақырылды. Мен кіргенде дәрігер тамырына укол салып жатыр екен. "Неге кабинетте ұстап отырсыздар, сыртқа шығарыңыздар" дегенде ғана жедел жәрдем дәрігерлері қолдарына көтеріп, сыртқа алып шықты", - дейді Қошмамбет ауылдық орта мектебінің директоры Бақыт Қуанышева.
"Оқиға болардан бұрын түс көрдім": Мөлдірдің анасы қайғылы оқиға жайлы не дейді
Sputnik Қазақстан тілшісі оқушының отбасымен тілдесіп қайтты.
"Мөлдір өмірден өтерден бұрын бір апта бойы гүл теріп, сыйлап жүрді. Қайтыс болар күні сабаққа бара жатып, қатты құшақтап бетімнен сүйіп, "Мама, мен сізді жақсы көрем" деді. Дәл солай жеңгесін де сүйді. Сыртқа шығып, артына біраз қарап тұрды да, жүгіре жөнелді. Өзіме біртүрлі оғаш көрінді. Бұған дейін ондай әдеті болмап еді. Қызым дәрігерде есепте тұрмайды, еш жері ауырған емес", - деп еске алады Мөлдірді бауырына салған әжесі Гүлбахар Бекембетова.
Мөлдір Гүлбахар апайдың немересі. Бірақ перзентханадан шыққан күні-ақ бауырына салып алған.
"Мөлдірдің бір жарым жасар кезінде ұлым мен келінім ажырасып кетті. Бірақ мен Мөлдірді анасына бермедім. Өйткені өмірге келгенінен бастап баққан анасымын, қызымды шешесінен қызғандым. Рас, алып кетем деп келді, бірақ бермедім. Ол басқа отбасын құрады, ол күйеуі қызыма қалай қарайды, білмеймін ғой. Қазір ол келіннің бөлек отбасы бар", - дейді Мөлдірдің анасы Гүлбахар апай.
Қайғылы оқиға болардан бұрын Гүлбахар апай түс көргенін айтады.
"Түсімде қайтыс болған енем есігімнің алдынан келіп, ұзақ қарап тұрды да, екі қыз баланы алып кетті. Кім екенін білмеймін, әйтеуір екі әйел адамды жетектеп кетті. Бірақ Мөлдірімнен айрылып қалам деп ойламадым", - дейді.
Оқушы өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Мөлдірдің ажалы неден болғаны белгісіз, сот-медициналық сараптама жасалып жатыр. Ал марқұмның туыстары дер кезінде тиісті ем жасалса, қызымыз аман қалар ма еді дейді.
Облыстық білім басқармасы қазіргі уақытта құқық қорғау органдары осы жағдайға қатысты тергеу шараларын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
"23 сәуірде Қошмамбетов атындағы орта мектепте 2014 жылы туған 4-сынып оқушысы көз жұмды. Бала сабақ кезінде өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалды. Оған көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, бала жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Біз оқушының жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз", - делінген ведомство хабарламасында.
Ал денсаулық сақтау басқармасы бала мектеп ғимаратында көз жұмғандықтан сот-медициналық сараптама тағайындалатынын, оның қорытындысы әлі дайын емес екендігін атап өтті.