Баспананы су тасқынынан сақтандырған жағдайда қанша ақша алуға болады
10:58 28.04.2024 (жаңартылды: 11:07 28.04.2024)
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана Премьер Олжас Бектенов в Атырау
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана
Жазылу
Тоқаев мүлікті сақтандыру жүйесін жетілдіру қажеттігін мәлімдеді. Дамыған елдердегі сияқты апаттан келген шығынның басым бөлігін үкімет емес, сақтандыру компаниялары төлейді
АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Биыл Қазақстанда алапат су тасқыны болды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды. Енді оларға жаңадан үйлер салынады. Бюджет есебінен мүліктің шығындары да жабылады. Үкімет бірінші кезекте қажетті заттарға өтемақыны таратуға кірісті. Бірақ су тасқынынан зардап шеккен отбасылар ол ақшаның тым аз болатынын айтып отыр.
Ал президент Тоқаев мүлікті сақтандыру жүйесін жетілдіру қажеттігін мәлімдеді. Дамыған елдердегі сияқты апаттан келген шығынның басым бөлігін үкімет емес, сақтандыру компаниялары төлейді. Sputnik Қазақстан тілшісі отандық сақтандыру компанияларына хабарласып, баспана мен мүлікті сақтандырған жағдайда қанша ақша алуға болатынын білді.
Мүлікті неден сақтандыруға болады
Қазақстанда сақтандыру компаниялары аз емес. Әрбіреуінің шарттары әртүрлі болып мүмкін. Дегенмен барлығы мүлікті нақты бірнеше тәуекелден сақтандыра алады. Олар:
өрт және түтін, газдың жарылуы;
судан және басқа сұйықтық салдарынан бүліну;
табиғи апаттар;
ұшу аппараттары, ағаштар немесе бөгде заттардың құлауы;
қарақшылық, бұзақылық, вандализм;
ұрлық пен тонау;
Ал үйдің ішінде тұрған мүлікті бөлек сақтандыруға болмайды. Оны баспанамен бірге сақтандыру қажет. Жалға алынған мүлікті де сақтандыруға мүмкіндік бар. Бірақ барлық төлем мүліктің иесіне аударылады.
Әрбір компанияда сақтандырылатын жылжымайтын мүліктің салынған жылына да қарайды. Мәселен, кейбіреулер 1960 жылдан ескі баспананы сақтандыруға алмайды.
Әрбір жағдай жеке қаралады
Сақтандыру мамандарының айтуынша, Алматыдағы жер сілкінісінен кейін өз үйін сақтандыруға ниет білдірген адамдардың саны күрт өсті. Су тасқынынан қорқатындар да мүлікті сақтандыру жолдарын іздей бастады. Бірақ ондайда әрбір жағдай жеке-жеке қаралады. Ал апат болып жатқанда одан сақтандыру шаралары тоқтатылады.
"Мысалы, жақында бізде төтенше жағдай жарияланған өңірде бір адам өз үйін сақтандыруға өтініш берген. Оның үйіне су жеткен жоқ. Бірақ жету қаупі жоғары. Оның өтініші мақұлданбады. Жалпы барлық сақтандыру компанияларында табиғи апат кезінде одан сақтандыру жасалмайды. Ал апат болмай жатып, келісімшартта мүлікті одан сақтандыру тармағы жазылса, сақтандыру төлемін алуға болады. Мәселен, қазір Астанада төтенше жағдай жоқ, табиғи апаттан мүлікті де, баспананы да сақтандыруға мүмкіндік бар", - дейді мамандар.
Сақтандыру жағдайы туындаған кезде оқиға орнына апаттық комиссар шақырылады.
Сақтандыру төлемінің мөлшері қандай
Баспананы сақтандырған кезде үйдің нақты бағасы жазылады. Ал сақтандыру төлемін есептегенде "франшизаны" ескереді.
"Франшиза - бұл өтеуге жатпайтын ақшаның сомасы. Оның көлемі 5 немесе 10 процент болуы мүмкін. Франшизаны есептегенде қауіп-қатердің деңгейіне де қарайды. Мәселен, мүлікті 5 миллион теңгеге сақтандырса, өрт қаупіне байланысты франшизаның мөлшері 10 процент болады. Бұл дегеніміз, біз 5 миллион теңгенің 10 процентін ұстап қаламыз да, қалған 4,5 миллион теңгесін төлеп береміз", - деді сақтандыру компаниясының маманы Надежда Шепелюк Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сол сияқты үйдің бағасы 40 миллион теңге болса, апат болған жағдайда 36 миллион төлеп береді. Бұдан бөлек, үйдің ішіндегі мүліктің сақтандыру төлемін алуға болады.
Сақтандыру шартын онлайн режимде рәсімдеуге болады
Сақтандыру компаниясының Бауыржан есімді менеджері жиі кездесетін сақтандыру жағдайлары туралы айтып берді. Оның айтуынша, адамдар өз үйін көбінесе төбеден су ағу жағдайынан, өрттен, су мен жылу құбырларының ақаулығынан сақтандырып жатады. Ал жер сілкісінісі мен су тасқынынан бөлек басқа да табиғи апаттарды ескеру керек.
"Дауыл, құйын, көшкін, сел, бұршақ, топырақтың түсіп кетуі, тастың құлауы – бұның барлығы табиғи апаттар. Одан да баспана мен мүлікті сақтандыруға болады. Бірақ келісімшартта бәрін анық көрсету керек. Бүгінде сақтандыру шартын онлайн режимде рәсімдеуге де болады", - дейді ол.
Мүлікті сақтандырудың стандартты шарты 12 айға жасалады. Артынан оны ұзартуға болады.
"Біз сақтандыру төлемін жай бере салмаймыз. Мүліктің бұзылғанын, я болмаса, су басқанын дәлелдеу керек. Ол үшін өкілетті мемлекеттік органдардың құжаты ұсынылады. Мәселен, су тасқыны болса, төтенше жағдайлар департаментінің тиісті құжаты беріледі. Онда су басқан жерлер мен нақты уақыты көрсетіледі. Содан кейін меншік иесінің құжаттары тексеріледі. Соның нәтижесінде сақтандыру төлемдері аударылады", - деп атап көрсетті Бауыржан.
Ал үйдің ішінде болған мүліктің фотосын көрсету керек, я болмаса, сақтандыру шартын жасағанда тізімін жазып шығады. Бүлінген мүлікті бағалау комиссиясының шешімін де беруге болады.
Қандай құжаттар қажет
Мүлікті сақтандыру шартын рәсімдеу кезінде бірнеше құжатты ұсыну керек. Олар:
ЖСН көрсетілген жеке куәлік (төлқұжат) немесе заңды тұлғаны тіркеу туралы куәлік;
сауалнама-өтініш (компания кеңсесінде толтырылады);
сақтандырылған мүлікті қарау және бағалау актісі;
сақтанушының жылжымайтын мүлік объектісіне меншік құқығын растайтын құжатының көшірмесі немесе жылжымайтын мүлікті жалға беру шарты.