Ұлттық банк телефон алаяқтары жаңа айла ойлап тапқанын ескертті

CC0 / / Иллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.04.2024
Жазылу
Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін және азаматтардың қаражатын сақтандырумен айналыспайтынын атап өтті
АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. Ұлттық банк жасанды интеллекті қолданатын алаяқтардың көбейіп келе жатқанын ескертті.
Банктің мәліметінше, алаяқтар өз құрбанының туысының немесе танымал медиа тұлғаның дауысын салуды үйренген.
"Адамның шынайы дауысын пайдалану үшін қаскөйлер мессенджерлердегі (WhatsApp, Telegram және т.б.) аккаунттарды бұзып, дауыстап айтылған хабарламаларды көшіріп алып, оларды нейрондық желіге жүктейді, не болмаса дауыс өзгертетін технологияларды қолданады", - делінген хабарламада.
Кейін смартфон иесінің дауысы ақша жіберуді сұрайтын өтінішке айналып, дауыстық хабарлама түрінде жіберіледі, тіпті сол адамның атынан мәтінмен де келуі мүмкін.
Смартфонға бұзып кіру үшін алаяқтар ұялы байланыс операторының техникалық қолдау қызметінен деп қоңырау шалып, телефонға келген кодты айтуын сұрайды. Зиян тигізетін сілтемелер балалар байқауына дауыс беру немесе әлеуметтік маңызы бар тақырыптарда сауалнамаға қатысуға шақыру түрінде де жіберілуі мүмкін.
Содан кейін айласын асыруға кірісетін қаскөйлер алаяқтыққа көшіп, адамдардан ақша алу үшін туысының, әріптесінің, танысының, қандай да бір медиа-тұлғаның атынан байланысқа шығады.

"Жасанды интеллекттің әртүрлі құралымен мессенджерлерде "күштік құрылым өкілдерінің" (ҚР ІІМ, Бас прокуратура және т.б.) атынан бейнеқоңырау шалып, азаматтарды Қазақстан Ұлттық банкімен "бірлесіп жасалатын"" төлем операцияларына қатысуға үндейді", - деп жазылған хабарламада.

Әңгіме барысында резервтелген ұяшықтың немесе брондалған қаражаттың қағаздары деп Ұлттық банктің атынан жалған құжат ұсынады. Азаматтардың сеніміне кіру үшін жалған құжаттарда мемлекеттік органдардың немесе жеке компаниялардың "уәкілетті адамы" қойған қолы мен оның аты-жөні және басылған мөрі көрсетіледі.
Ұлттық банк мобильді телефонды бұзып кіруге жол бермес үшін күдікті сілтемелерге өтпеуге, телефонға келген код пен парольді ешкімге айтпауға және жібермеуге кеңес береді.
Ұлттық банктің қызметкерлері мессенджер арқылы аудио/видеоқоңырау шалмайды.
Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске салды.
Жаңалықтар
0