Видео

"Іше алмайсың": Петропавл тұрғындары ауыз судың сапасына шағымданды

Жазылу
Тұрғындар еріктілер тарататын тегін суға түні бойы кезекке тұратынын айтады
АЛМАТЫ, 17 сәуір – Sputnik. Петропавлда бірінші су сорғы станциясының 4 бірдей электр қуаты желілерін мұз қиратып кетті. Қала сусыз қалды.Тұрғындар таза ауыз суға зәруміз деп шағымданып жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі мәселенің мән-жайын сұрап білді.
"Көлікпен әкеліп жатқан су қайдан келгені белгісіз, тұнық емес. Сол көліктің жүргізушілері "ішуге жарамды" дейді. Алған адамдар ол суды қайнатып қана қолданады", - дейді Петропавл тұрғыны Дәулет Кәрім.
Ал үйдегі краннан ағатын судың сапасы туралы айтудың өзі артық.
"Краннан құм аралас лас су ағып жатыр. Хлордың иісі, дәмі бар. Іше алмайсың. Су алатын арнайы құрылғыдағы судың да дәмі, иісі бар", - дейді Дәулет.
Ал дүкендегі таза су лезде өтіп кетеді. Тұрғындар еріктілер тарататын тегін суға кезекке тұратынын айтады.
"Бүгін түнде сағат екіге дейін екі сағат кезекте тұрып, волонтерлер таратқан суды алдым. 1 адамға екі бөтелкеден берді. Біреуі 10 литрден 20 литр алдық. Дүкендердегі суды тез алып кетеді. Үлгермей қаламыз", - деп атап өтті Дәулет Кәрім.
© Sputnik / Айдана ДайыроваВолонтерлер таратқан су
Волонтерлер таратқан су - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.04.2024
Волонтерлер таратқан су
Тағы бір қала тұрғыны Әсел Омарованың айтуынша, бір мезетте қала сусыз қалып, 2-3 күндей су болмаған, тек анда-санда 1-2 сағатқа техникалық су беріліпті.
"Ол лас болды. Бірақ соған да риза болдық. Қазір де техникалық су беріліп жатыр. Бірақ алдыңғыдан тазалау, ыдыс жууға, жуынуға болады. Ал ішетін суды көлігі барлар қала маңындағы ауылдарға барып тасып жүр. Астана, Павлодардан гуманитарлық көмек беріліп жатыр. Ол су халыққа тегін таратылып жатыр. Оларға рахмет", - дейді Әсел.
Мәселенің мән-жайын "Қызылжар су" ЖШС бас директоры Жеңіс Сұлтановтан сұрап көрдік.
"Бірінші су сорғы станциясының 4 бірдей электр қуаты желілерін мұз қиратып кетті. Қала сусыз қалды. Қасымызда "Пестрый" деген көл бар, күні-түні тоқтамай жұмыс істеп, екі күнде су тартып, қалаға бердік. Елдің бәрі су лай деп жатыр. Оның бәрі тазалаудан өтеді, фильтрленеді. Лайды түсіретін химилық заттармен бірнеше рет тазаланады. Сосын ғана қалаға беріледі. Міне төрт күн болды сол суды өзіміз де ішіп отырмыз, халыққа да беріп отырмыз", - дейді Жеңіс Сұлтанов.
Судың лайланып тұрғанын басшы да мойындап отыр. Айтуынша, сусыз құбырларға су бергенде солай болады, жалпы Есіл тасыған сайын бұл болатын құбылыс.
"Суды қайнатып немесе тұндырып ішу керек. Негізі судың сапасы жақсы. Халық ризашылығын білдіріп жатыр. 500-600 адамды сол сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Ал хлор бойынша санитарлық-эпидемиологиялық сала күнделікті тексеріп отыр. Хлордың дәмі, иісі болады, онсыз болмайды. Су сапасы нашар болса, олар тұтынуға рұқсат бермес еді", - дейді ЖШС бас директоры.
Петропавлда дәл осындай апат 2017 жылдан бері бірінші рет болып тұр. Ол кездегімен салыстырғанда судың деңгейі қазір 3 метр көтеріліп кеткен.
"Қысым қалпына келсе су тазарады. Жұмыс көп, әлі сел болып жатыр. Қай үйде су бар, қай үйде су жоқ, бәрін тексеріп, жедел жұмыс тобы қамтамасыз етіп жатыр. Халыққа да әлеуметтік желі арқылы түсіндіріп отырмыз. Есіл орнына түскенде лай су да азаяды", - деп түйіндеді Жеңіс Сұлтанов.
Жаңалықтар
0