Бишімбаевтың ісі: Байжановтың телефонынан қылмыс жасалған күні түсірілген видео табылды

© Sputnik / Санат Имангалиев Бишімбаевтың соты

Бишімбаевтың соты - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.04.2024
Жазылу
Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша екінші сотталушы Бақытжан Байжановтың телефонын тексеру кезінде Бишімбаевтың өз дүние-мүлкін балаларына мұра етіп қалдыратынын айтқан видеосы табылды
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айып тағылған сот процесінде Бақытжан Байжанов қылмыс күні Bau гастроорталығында түсірген бейнежазбалар зерттелді. Бірнеше видеода Бишімбаев қайтыс болған жағдайда барлық мүлкін балаларына мұра етіп қалдыратыны айтылған.
Байжанов түсірген бұл видео қазақ тілінде жазылған.
"Мен барымды, барлық есепшотымды, құндылықтарымды балаларыма мұра етіп қалдырамын. Назымнан (Бишімбаевтың бірінші әйелі – Sputnik) туған балаларыма, Мансұр, Кәрім және Ранияға мұра етемін", - делінген видеода.
Бишімбаевтың өзі бұл сәтті алғашында есіне түсіре алмағанымен, кейін шынымен де осындай мәлімдеме жасағанын айтты.
"Иә, есіме түсті. Олар мені қолымда пышақ болған кезде тоқтатқан кезде болды. Қолымды бұрап, пышақты алып қойды. Мен еденде отырдым ғой деймін. Мен жай ғана Бақытжанға: "Егер маған бірдеңе болса, сен ата-анама және Назымға айтарсың. Жалпы, маған бірдеңе бола қалса, балаларға қамқор болсын", - деп түсіндірді Қуандық Бишімбаев.
Сот Байжановтан бұл видеоны не үшін түсіргенін сұрағанда, сотталушы мұны полиция келгенше уақытты созу үшін, Бишімбаев өз-өзіне қол жұмсамау үшін жасағанын түсіндірді. Бұл кезде жедел жәрдем оқиға орнында болған.
Сондай-ақ Байжановтың телефонын тексеру барысында сот сол күні сотталушының Айдар Танабаевқа телефон шалғанына назар аударды.
Байжановтың өзі түсіндіргендей, бұл Бишімбаевтың бұрынғы көмекшісі. Байжанов оған не үшін қоңырау шалғанын сұрағанда, сотталушы Бишімбаев өз-өзіне қол жұмсамақ болғандықтан, Танабаевтан көмек сұрағанын айтты.
Бұған дейін қылмыстық іс материалдарын зерделеу барысында айыптаушы тараптың өтініші бойынша Салтанат Нүкенованың құрбысы Аида Ахмединадан сотта тағы да жауап алынды. Нүкеновамен 2023 жылдың 19 сәуірінде WhatsApp желісінде хат алмасуы қылмыстық іске қосылмаған болатын. Ахмедина осы хабарламаларды сотқа қатысушыларға тағы да оқып берді.
Хат алмасуда Салтанат Нүкенова құрбысына Бишімбаевтың үнемі қасында болатынын, ұйықтамайтынын және оған да ұйқы бермейтінін, оны тыңдамаса, ашуланатынын айтқан.
"Бұл емдеуге келмейді, оныкі параноидтық ойлар. Шынымды айтсам, ол науқас, оған жаным ашиды", — деп жазды марқұм Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаев туралы құрбысына.
Сондай-ақ ол досына Бишімбаевтың Алматыда мәскеулік психологқа 10 мың доллар төлегенін, бірақ онымен жұмыс нәтиже бермей, бәрі бұрынғыдай жалғасып жатқанын жазған. Нүкенова сондай-ақ Бишімбаевтың психиатриялық ауруханада емделгені дұрыс болар деген ойын да жеткізген.
Бишімбаевтың өзі бұл хабарламалар жайлы ештеңе айта алмады, бірақ Нүкенованың өзі 24 сәуірде Павлодардан оралғанын, 6 сағаттан кейін қайта кетіп, 28-і күні қайта оралғанын айтты.
"Оның көңіл-күйі де, жүріс-тұрысы осылай құбылып тұратын", – деді Бишімбаев.
Сондай-ақ Бишімбаев Нүкенованың соңынан жүгірмегенін және кезекті жанжалдан кейін оны үйіне қайтуға мәжбүрлемегенін алға тартты.
Жаңалықтар
0