Ұлттық банк басшысы цифрлық теңге қай салада көбірек пайда келтіретінін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневТеңге
Теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2024
Жазылу
Цифрлық теңгенің артықшылығы мемлекеттік ақшамен транзакция жасау кезінде көбірек білінеді, деді Сүлейменов
АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Қазақстанда цифрлық теңгенің қаншалықты танымал екенін айту қиын, өйткені цифрлық теңгеге тіркелген карталардың саны көп емес, деді Ұлттық банктің басқарма төрағасы Тимур Сүлейменов.
Оның пікірінше, қазақстандықтар цифрлық теңгенің маңыздылығын толық түсінген жоқ. Сүлейменов оның әлеуеті қандай екенін айтты.
"Таныстырылым кезінде картаны белгілі бір шығындарға бағдарламасаң ыңғайлы болатыны айтылды. Ол кезде ақша есептен алынбайды. Интернетсіз төлем жасау мүмкіндігі де бар. Бірақ цифрлық теңгенің негізгі әлеуеті әлі де мемлекет қаражаты саласында жатыр", - деді Ұлттық банк басшысы.
Ол сонымен қатар цифрлық теңгенің қандай мақсатқа бағытталуы мүмкін екендігі туралы мысалдар келтірді.
"Мысалы, мемлекет емхана немесе мектеп салуға бөлетін ақшаны тек декларациядағы қажеттіліктерге: құрал-жабдық сатып алуға, құрылыс материалдарын сатып алуға бағытталатындай етіп жасауға болады. Сонда бұл ақша "боялып", кейбір алаяқтарға немесе шетелге асырылмайды", - деп жалғастырды Сүлейменов.
Ол цифрлық теңгені қолма-қол ақшаға айналдыруға немесе валюта нарығына шығаруға болмайтынын айтты.
"Яғни, бұл ақшаны пайдалану кезінде көрсетілген талаптарға сәйкес қана жұмсалады. Мемлекеттік сатып алулар, реттелетін сатып алулар, субсидияларды бақылауда жоғары әлеует бар", - деп мәлімдеді Ұлттық банк басшысы.
Оның айтуынша, мысалы, фермер субсидияға бөлінген қаражатты көлік сатып алуға жұмсайтын жағдайлар болмайды. Ол қаражат субсидия бөлінген мақсаттарға ғана жұмсалуы мүмкін.
"Сондықтан әрбір адам үшін оның тұтынушылық қасиетінен гөрі әлеуеті маңыздырақ. Қаңтар айында біз Қаржы министрлігімен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп бірқатар жобаларды, атап айтқанда, ауыл шаруашылығын субсидиялау, бірқатар әлеуметтік құрылыс нысандары саласындағы жобаларды жүзеге асырудамыз", - деді Сүлейменов.
Егер цифрлық теңге бірқатар нысанды қаржыландыруда жақсы нәтиже берсе, Ұлттық банк оны қолдану аясын кеңейтеді.
Жаңалықтар
0