Педофилдер мен экстремистерге Қазақстанға кіруге тыйым салынады

© Sputnik / Абзал КалиевҚазақстан парламентінің ғимараты
Қазақстан парламентінің ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.04.2024
Жазылу
Заң жобасы сонымен қатар ішкі көші-қон мен қылмыстық-атқару жүйесін реттейді
АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Сенат көші-қон және қылмыстық-атқару жүйесі туралы заңға түзетулерді бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң шығарушылар кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасау қылмысы үшін бұрын сотталған шетелдіктердің Қазақстанға келуіне және Қазақстан азаматтығын алуына тыйым салуды көздеп отыр. Сондай-ақ экстремистік немесе лаңкестік әрекетке қатысы бар тұлғалар елге кіре алмайды.
Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын компанияларды тексеру заңнамалық деңгейде реттеледі.
Төтенше жағдай кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттар, егер оларды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, заңды күшінде қалады.
Егер адам Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін шетел паспортын пайдаланатын болса, ол Қазақстан азаматтығынан айырылады. Қолданыстағы заңнамада республика азаматтығынан айыру тек шет мемлекеттің азаматтығын алған кезде ғана қарастырылған.
Сондай-ақ заңға өңірлерге көшіп келушілерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін алуға жағдай жасауға бағытталған түзетулер енгізілуде.
Мәселен, қоныс аударушыларға жер учаскелері ең төменгі мөлшерден аспайтын мөлшерде, иеліктен шығару құқығынсыз конкурссыз негізде 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша жалға беріледі. Олар осы өңірлерден тұрғылықты жерін ауыстырған кезде жер пайдалану құқығы тоқтатылады. Ал қоныс аудару аймақтарында 5 жылдан астам тұрып жатқандар жаңа ұзақ мерзімді жалдау шартын жасай алады.
Қандас мәртебесін алу тәртібі де қиындай түседі. Егер жеке басын куәландыратын құжаттарда ұлты көрсетілмесе, онда бұл шешімді әкімдіктер жанындағы қазақ ұлтына қарасты мәселелерді қарайтын комиссия қабылдайды.
Заң сонымен қатар:
ғылыми дәрежесі бар этникалық қазақтар үшін ғылыми жұмыстарды жүргізу қажет болған жағдайда мемлекеттік қолдауды қайтармай немесе өтемей, аймақтарға өз бетінше көшу мүмкіндігін беруді;
қандастардың жесірлері мен олардың ортақ балаларын қандастарды қабылдаудың аймақтық квотасына қосуды;
еңбек мигранттарына өз өтініші бойынша бір айдан он екі айға дейінгі мерзімге рұқсат алу мүмкіндігін беруді қарастырады.
Сонымен қатар қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі бейнебақылау жүйесіне қасақана зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуде.
Жалпы, заңмен 19 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекс пен 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Жаңалықтар
0