"Сарайшық үшін жаңалық емес": Атырау облысында адам сүйектері табылды

Сарайшық
Сарайшық - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.04.2024
Жазылу
Ескі қорымнан шыққан сүйектер үшін Жаңа Сарайшықтан орын берілген
АЛМАТЫ, 9 сәуір – Sputnik. Атырау облысы Махамбет ауданы Сарайшық ауылында адамның сүйектері табылды. Sputnik Қазақстан тілшісі оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
Сарайшықта адам сүйегін тауып алу қалыпты жағдай. Мұндағы жұрт таңғалып, жаға ұстап жатпайды. Өйткені жылдар бойы көз үйренген.
"Республикалық орта ғасырлық "Сарайшық" ескерткішінің үстіне 16 ғасырдан бастап зираттар түскен. 19 ғасырдағы тарихи деректер бойынша Сарайшықтың үстінде екі христиан, екі мұсылман зираты болған", - дейді "Сарайшық" музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтар.
Ескі Сарайшық ауылының әр тұрғыны тұрмыс барысында күрегі жерге тисе болды, сүйекке ілінеді, дейді музей-қорығынының директоры.
"Бүгінде ескі Сарайшықта археологиялық зерттеу барысында күрек бірден сүйектерге тиеді. Ескерткіштің астында бір емес, екі қабат зират бар. Бұның барлығы археологиялық қазба барысында зерттеліп, сараланған", - дейді Әбілсейіт Мұхтар.
Ескі қорымнан шыққан сүйектер үшін Жаңа Сарайшықтан орын берілген. Ауыл тұрғындары сүйектерді арулап, жылдар бойы жаңа қорымға жерлеумен келеді.
"Жаңа Сарайшық ауылындағы "Құлмекен" зиратында арнайы жер бөлінген болатын, сол зиратқа апарып жерленеді. Орта ғасырлық Сарайшықта Ескі Сарайшық ауылы орналасқан. Бұл ауылдың тұрғындары үнемі адам сүйектерін тауып алады, олар тиісті мамандарға хабарласып, күні бүгінге дейін ата-салтымызбен сүйектерді жерлеу рәсімін ұйымдастырып келеді", - дейді музей-қорық басшысы.
Қабір үстіне орналасқан ескі ауылды жаңа ауылға қарай көшіру мәселесі де қозғалған. Бірақ ол уақыттың еншісінде. Күні кеше табылған сүйектер де сол Ескі Сарайшықтан табылды.
"Кешегі сүйектер Ескі Сарайшық ауылынан шықты. Қазір су тасқынына байланысты Жайықтың жағасы дамбы болып жасалып жатыр. Сол топырақты трактормен күреу кезінде сүйектер шықты, тиісті мамандар шақырылды. Бұл сүйектердің барлығына сараптамалар жасалады. Сараптамадан соң жер қойнына қайта тапсырылады. Сүйектің шығуы Сарайшық үшін жаңалық емес", - дейді "Сарайшық" музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтар.
Жаңалықтар
0