Жетісуда оқырмандар кітапханаға 4000 кітап сыйлады
© Sputnik / Тимур БатыршинШкольная библиотека
© Sputnik / Тимур Батыршин
Жазылу
АЛМАТЫ, 6 наурыз - Sputnik. Жетісудағы С. Сейфуллин кітапханасына оқырмандар биыл 4 мыңдай кітап сыйға тартты, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасындағы кітап қоры "Кітапханаға кітап сыйла" акциясының аясында биылғы жылдың үш айында 4 мыңға жуық кітаппен толыққан. Акцияға жеке оқырмандармен қатар мекемелер мен ұйымдар да атсалысып жатыр.
"Кітапханаға кітап сыйла" облыстық акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оған қоса жыл басында өткізілген "Жетісу кітап керуені" шарасында да жеке авторлар біршама кітаптарын сыйға тартқан. Сол сияқты кітаптар Жетісу облысы аумағымен қатар Астана, Алматы, Семей, Өскемен қалаларынан да жолданған. Кітап қорын толықтырған баспа өнімдерінің басым бөлігі көркем әдебиет, дегенмен олардың ішінде ауыл шаруашылығы, экономика, іскерлік, тарих, тіл үйрету салаларына арналған ғылыми-танымдық және әдістемелік кітаптар да бар.
""Тіл" оқыту-әдістемелік орталығы Сейфуллин кітапханасына 500 дана кітап тапсырдық. Олар - негізінен тіл үйретуге байланысты әдістемелік кітаптар, филология факультеттеріне оқуға түскісі келетін жастарға қажетті әдебиеттер. Орталық Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен меморандумға отырған. Соның негізінде институттан жолданған кітаптардың бір бөлігін оқырманы көп мекеме ретінде кітапханаға тапсыруды жөн көрдік", - дейді "Тіл" оқыту-әдістемелік орталығы" КММ директоры Жеңіс Жолдыбай.