Ат жарысынан 900 рет бас жүлде алған қазақ баласы: Бір ғана алма жейтін күнім болады
© Sputnik / Айдана ДайыроваШетелдегі ат жарыстарында Бауыржан Мырзабаев 900 рет бірінші орын алған
© Sputnik / Айдана Дайырова
Жазылу
Өте жоғары деңгейде тоқтамай 10 жыл жұмыс істесе, біздің елде ұшқыр бәйгені жолға қоюға болады
АЛМАТЫ, 4 сәуір – Sputnik. Шетелдегі ат жарыстарында қазақтың шабандоз баласы Бауыржан Мырзабаев 900 рет бірінші орын алған. Жапония елі қолқа салып, қазір сол жақтағы әлемдік ат жарысында жокей болып жүр. Бауыржан еңбек жолындағы қызықтары мен қиындықтары туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Бауыржан Мырзабаев Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Шұбар ауылында дүниеге келген. 31 жастағы жігіт жеті жасынан ат жалын тартып мінген, шабандоз болған. Атқа деген құмарлық әкесінен дарыған.
© Sputnik / Айдана ДайыроваШетелдегі ат жарыстарында Бауыржан Мырзабаев 900 рет бірінші орын алған
Шетелдегі ат жарыстарында Бауыржан Мырзабаев 900 рет бірінші орын алған
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Қазақстанда кішкентай балаларды еліктетіп шабандоз етіп бәйгеге шапқызады, жақсы ақша табады, сыйлықтар беріледі. Сол себепті шабандоз балалар сабаққа емес, бәйгеге құмар болады. Бірақ жасы 15-ке келгенде салмағы ауырлап, шабандоз болуға жарамай, еш жерге керексіз боп қалады. Оларды кәсіби деңгейге жеткізу мүмкін емес, өйткені бізде ұшқыр бәйге дамымаған. Жасым өсіп, салмағым ауырлап еш жерге жарамай қалған соң мен шетелге кетемін деп шештім. Менің екінші әкем Нұрлан Тілеулесов деген кісі. Сол кісі менің болашағыма жол ашты", - дейді Қазақстанның атын әлемге танытқан шабандоз Бауыржан Мырзабаев.
© Sputnik / Айдана ДайыроваШетелдегі ат жарыстарында Бауыржан Мырзабаев 900 рет бірінші орын алған
Шетелдегі ат жарыстарында Бауыржан Мырзабаев 900 рет бірінші орын алған
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алайда Бауыржаннан Англия мен Италия бас тартқан. Кейіннен Чехиядан шақырту алады.
"Маған өз әкем мен Нұрлан Тілеулесовтен басқа ешкім қолдау көрсетпеді. 2012 жылдан бері шетелде осы кәсіппен айналысамын. Бірақ көрген жерде жәй құттықтағаны болмаса, ешкімнен қолдау көрмеппін. Өткен аптада Дубайдағы бәйгеде жарысқа танымал қазақстандық тұлпар Кабирханды қолдап, біраз қазақ барды. Жарысқа шығып бара жатыр едім, "Бауыржан атыңның басын тарт, Кабирхан орын алсын" деп айтып жатты. Менің 15 жылдық еңбегім, қазақтың атын шығарғаным кеше шыққан бір ат құрлы болмады-ау деген ой болғаны рас", - дейді Бауыржан Мырзабаев.
Бауыржанның айтуынша, Кабирханның орын алғанына қуанышты. Өйткені ұшқыр бәйге дамымаған Қазақстаннан тұлпар шығуы бұл -үлкен мақтаныш.
"Өте жоғары деңгейде тоқтамай 10 жыл жұмыс істесе, біздің елде ұшқыр бәйгені жолға қоюға болады. Өкінішке орай бізде ат спорты дәрежесі өте төмен. 20-30 шақырымға аламан бәйгелер бар, бірақ шетелдік аттар ондай жарысқа қатыспайды, егер қазақтың атын шығарамыз десек, аз қашықтыққа жарысатын ұшқыр бәйгелерді қолға алу керек", - дейді танымал шабандоз.
Бауыржанға өтініш айтып, әлемдік деңгейдегі шабандоз болғысы келетін жасөспірім көп. Барлығының арманы – ат құлағында ойнау.
"Шетелге шығу үшін өте көп қаражат керек. Мен барлық балаға қолдау көрсеткім келеді, бірақ мүмкіндігім жоқ. Өйткені маған жазатын балалар өте көп. Армандары сол – әлемдік деңгейдегі жокей болу. Біз қазақстандық шабандоз балалардың бағын байлап отырмыз. Сабағын тастап, бәйгеде жүрген бала есейе келе бәйгеге жарамай қалады. Обал. Жокей клуб ашу проблема емес, оны үйрететін адамды табу да сөз емес. Бірақ жокей клубтан оқып шыққан бала қай жерге барып жарысқа қатысады? Бізде ұшқыр бәйге дамымаған. Егер ұшқыр бәйге апта сайын өтіп тұрса, кәсіби жокейлер сол жарысқа қатысып, жанын баға алатын еді", - дейді шабандоз.
© Sputnik / Айдана ДайыроваШетелдегі ат жарыстарында Бауыржан Мырзабаев 900 рет бірінші орын алған
Шетелдегі ат жарыстарында Бауыржан Мырзабаев 900 рет бірінші орын алған
© Sputnik / Айдана Дайырова
Бауыржан апта сайын мың шақырымдап жол сапарда жүреді. Өйткені ұшқыр бәйге шетелде апта сайын өтеді.
"Апта сайын әр қалаға барамыз, тыным жоқ. Бұл негізі өте ауыр спорт. Күнделікті бір салмақты сақтауың керек. Кейде бір күнде бір ғана алма жейтін кезім болады. Өйткені бәйгеге шабатын атқа салмақ салмауың керек. Шетелдік бәйгедегі талап қатаң. Бүге-шігесіне дейін білуің керек. Физикалық және психикалық тұрғыдан мықты болуың керек. Көп ақша төленетін жерде талап та күшті. Бірнеше миллион долларға ат сатып алып, бәйгеге қосып, ол тұлпарды саған тапсырса бұл өте ауыр сын, менің әр аптам, әр күнім үлкен сын. Әр ипподром әртүрлі, уақытына дейін жаттап алуың керек. Аттың бәйгеде бірінші келуі тікелей шабандозына байланысты", - дейді ол.
Бауыржанның арманы – Қазақстанда ұшқыр бәйгені дамыту. Бірақ оған жасалған үлкен қадам жоқ, сол себепті жақын арада жүзеге аспай ма деп алаңдайды.
Шетелдегі әлемдік бәйгеде 900-ден астам рет бірінші орын алған қазақ баласының "әттеген-ай" деген өкініші жоқ, бар болса да ойламаймын дейді. Өйткені уақыты жоқ. Мақсаты – тек алға жылжу.