Министр су тасқыны жайлы: әкімдіктер Қазгидрометтің болжамына назар аудармады

© Sputnik / Елена БережнаяПаводок побил рекорды нескольких лет в СКО
Паводок побил рекорды нескольких лет в СКО - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.04.2024
Жазылу
Министр бүгінгі таңда Қазақстанның қар басқан аумағы 27%-ті құрайтынын атап өтті
АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елдегі су тасқынына әкімдіктердің Қазгидромет болжамына назар аудармай, уақытында шаралар қабылдамауы себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, желтоқсан айында өңірлер бойынша су басу қаупі бар учаскелер айқындалып, желтоқсан, ақпан және наурыз айларының басындағы болжамдарда көрсетілген және әкімдіктер мен орталық органдарға жолданған.
"Сонымен қатар 15 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін Қазгидромет 100-ден астам дабылды ескерту жариялады. Олар хабарлау схемасына сәйкес жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарға жіберілді және қазіргі кезде де жолданып жатыр. Алайда әкімдіктер болжамға қажетті деңгейде назар аудармады. Осы себепті су тасқыны қаупіне тиісті баға берілмеді және уақтылы алдын алу шаралары қабылданбады", - деді Нысанбаев үкімет отырысында.
Министр бүгінгі таңда Қазақстанның қар басқан аумағы 27%-ті құрайтынын атап өтті. Жазық аумақтағы өзендердің барлық бассейніндегі ылғал қорының көлемі азайған.
"Ең үлкен су тасқыны Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары және Қостанай облысының оңтүстік бөліктерінің өзендерінен өтуде, бірақ су тасқыны қаупі әлі күнге дейін сақталады. Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары және Қостанай облысының солтүстік жартысындағы өзендерде су деңгейінің көтерілуі және қауіпті белгілерден асуы байқалады", - деп ескертті министр.
Сәуір айына болжам
Болжамға сәйкес 2024 жылғы 1-10 сәуір аралығында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Елдің көп бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп болады деп болжанып отыр.
Сәуірдің бірінші онкүндігінің басында және екінші жартысында республиканың басым бөлігінде түнгі уақытта жаңбыр және қар жауады, күндіз жаңбыр жауады деп күтілуде. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаңбыр болады.
Қатты жауын-шашын республиканың шығысында (Абай облысы, Шығыс Қазақстан облысы) 3 және 10 сәуірде, орталықта және оңтүстік-шығыста (Ұлытау облысы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы) 8-9 сәуірде, Түркістан, Алматы облыстарында және Жетісу облысында 9 сәуірде болады деп болжануда. Елдің батысында бірінші онкүндіктің басында, республиканың көп бөлігінде онкүндіктің ортасында жауын-шашын тоқтайды деп күтіледі.
"Росгидрометтің мәліметі бойынша, Ресей аумағында қардың қарқынды еруіне байланысты Жайық өзені бассейнінде мұздың жарылуы және су деңгейінің көтерілуі басталады. Осыған байланысты сәуір айының екінші жартысында Орал өзені бассейнінде (БҚО, Атырау) жыл сайынғы су тасқыны болады деп күтілуде", - деп мәлімдеді Нысанбаев.
Жаңалықтар
0