ЕАЭО аясында бірлескен кооперациялық жобаларға қаржылай көмек көрсетіледі

© Sputnik / Санат ИмангалиевДепутаты мажилиса парламента Казахстана
Депутаты мажилиса парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.03.2024
Жазылу
ЕАЭО елдері өз кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланысты кеңейтеді
АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Парламент мәжілісі "Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы" хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Хаттамаға 2023 жылғы 24 мамырда қол қойылды. Хаттама ЕАЭО бюджеті есебінен өнеркәсіп салаларындағы кооперациялық жобаларды қаржыландыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады.
"Бұған дейін бизнес қауымдастықтар тарапынан ЕАЭО аясында өнеркәсіптік кооперацияны дамытатын қосымша қолдау құралдары қажет екені айтылды. Осыған байланысты ЕАЭО аясында өзара инвестицияларды арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс активтерінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін қаржыландырудың жаңа форматы әзірленді", - деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қаржылай көмек көрсету тетігі 5 жыл мерзімге пилоттық режимде бекітіледі. Арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін жалпы соманың 10 пайызы қаржыландыру көзі болады.
"Бір жобаға субсидияның максималды көлемі жылына 1,890 миллион теңгені құрап, бес жыл ішінде 9,450 миллион теңге болады. Қаражат одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық банктері белгілеген базалық ставканың 100% мөлшерінде мүше мемлекеттердің ұлттық қаржы ұйымдарына және Еуразиялық даму банкіне субсидия түрінде беріледі. Бұл ретте, кредиттің коммерциялық мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеден 6,5% аспауы қажет", - деді Шарлапаев.
Қаржы ұйымдарының тізбесін 2023 жылғы желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесі бекіткен. Тізбеге Қазақстаннан 15 қаржы ұйымы енгізілді. Оның ішінде Қаржы нарығын реттеу агенттігі және Ұлттық банкпен келісілген екінші деңгейлі 11 банк және "Бәйтерек" холдингінің еншілес 4 компаниясы бар.
Қаржылық жәрдемдесу тетігі аясында кооперациялық жобаларды іріктеу кезінде мынадай негізгі шарттар белгіленген:
кемінде одаққа мүше 3 мемлекеттің кәсіпорындарының қатысуы;
қарыз алушы (негізгі қатысушы) жабдықтарды, немесе технологияларды, немесе қызметтерді не инвестицияларды жеткізу есебінен басқа елдерді тартуға тиіс;
кооперациялық жоба аясында өндірілетін өнім мүше мемлекеттерден шығарылуы тиіс;
жобаны іске асыру мерзімі 5 жылдан аспайды.
"Жобаны мақұлдау және субсидия беру туралы шешім Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесінде қабылданады. Бұл кеңеске Қазақстаннан премьер-министрдің орынбасары мүшелік етеді", - деді өнеркәсіп министрі.
Жаңалықтар
0