Ақтауда сарбаздар әскери дрон құрастырды

© Sputnik / Тимур БатыршинАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.03.2024
Жазылу
Оператор дронды қауіпсіз жерден басқарып, жауға бір минутта 500-600 оқ жаудырады
АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Ақтауда теңіз жаяу әскері бригадасының сарбаздары әскери дрон жасап шығарды. Ұрыс машинасы 10 келі тартады.
Шағын пішіндегі броньды техника көше жағдайында қолданысқа ыңғайлы. Ең қызығы, оны өнертапқыш сарбаздар қолда бар құралдардан құрастырған. Әскери бөлім басшылығы ерекше жобаны қолдап, оған пулемет орнатуға рұқсат берген, деп хабарлады 24.kz.
Жауынгерлік дронды қатардағы жауынгерлер Жүсіп Барманқұлов пен Баттал Османов құрастырды. Өнертапқыш жігіттер он ай бұрын Түркістан өңірінен әскерге шақыртылған. Екеуі де оқушы кезінен робототехникамен әуестенеді.
Баттал жастайынан компьютерлік дизайн өнерін меңгерсе, Жүсіп "Техник-электрик" мамандығы бойынша колледж бітірген.
Жоба авторлары екі апта бойы сызбасын жасап, дронды әскери қоймада бар бөлшектен құрастырған. Броньды машина жеңіл көліктің аккумуляторынан қуат алады. Сағатына 15 шақырым жылдамдықпен жүруге қауқарлы. 7,62 калибрі пулемет қондырылған мұнарасы 360 градусқа бұрылады. Оператор дронды қауіпсіз жерден басқарып, жауға бір минутта 500-600 оқ жаудырады.
"Қашықтықтан басқарылатын "Барыс" атты машина ойлап таптық. Бұл машинаның артықшылықтары - жаудың тірі күшін және жеңіл броньды техникаларын жоюға арналған құрылғы. Тегіс жолда да, тегіс емес жолда да жылдамдығы бірдей", - дейді қатардағы жауынгер Жүсіп Барманқұлов.
"Бұл екі сарбазды мен бірінші күннен бастап жақсы танимын. Өз істерінің шебері, осы әскери қызметін атқару барысында өздерін тек жақсы жағынан көрсете білді. Алдағы уақытта қорғаныс министрлігінің тарапынан еліміздің жоғары оқу орнында тегін түрде білім алуға жолдама беріледі", - дейді рота командирі Ердос Саимов.
Сарбаздар жобасын университет қабырғасында жетілдіруді көздейді. Оған қуатты қозғалтқыш пен гранат атқыш орнатып, танк немесе әуеден барлаушы дронды жоюға қабілетті етпек.
Жаңалықтар
0