Ресейдегі терактіні Қазақстан алғашқылардың бірі болып қатаң айыптады – Тоқаев

© Sputnik / Владислав Воднев Ақорда ғимараты
 Ақорда ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.03.2024
Жазылу
Мемлекет басшысының пікірінше, барлық ел үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс
АСТАНА, 26 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сенатының мүшесі Стив Дэйнске ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты қатынастарда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынын айтты.
© Photo : Официальный сайт президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев пен Стив Дэйнс
Касым-Жомарт Токаев и Стив Дэйнс - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.03.2024
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Стив Дэйнс
Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Қазақстан президенті елімізде инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар қазақ-американ қарым-қатынастарының негізгі бағыттары саналады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілді.
"Бұл ретте президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өтті", - делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын.
22 наурызда кешкі уақытта Мәскеу облысындағы Красногорск қаласында теракт жасалды. Қару асынған лаңкестер "Крокус" орталығына баса көктеп кіріп, жолда кездескеннің барлығына оқ жаудырды. Артынан концерттік ғимаратты өртеп жіберді. Қауіпсіздік қызметкерлерінде атыс қаруы болмаған, олар еш қарсылық көрсете алмаған.
Барлығы 11 адам ұсталды. Қазіргі кезде тапсырыс берушілер мен орындаушылардың толық тізбегін анықтау шаралары атқарылып жатыр.
Соңғы мәлімет бойынша теракт салдарынан 137 адам қаза тапты. Соның ішінде үш бала бар. Бұдан бөлек, 180 адам зардап шекті.
Жаңалықтар
0