Наурыз мерекесі: Қазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
© Айдана ДайыроваҚазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
© Айдана Дайырова
Жазылу
АЛМАТЫ, 21 наурыз – Sputnik. Алматыда бесіктер көрмесі өтті. Бұл шара Тәуелсіздік алғалы Қазақстан бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Көрмеге қандай және қай заманғы бесіктер қойылғанын Sputnik Қазақстан материалынын оқыңыз.
Бесік – ғасырлар бойы ұлттың ұясы, қазақи тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болған, қазақ халқының қарапайым, алайда, қадірлі құндылықтарының бірі, жас нәрестені бөлеп жатқызуға арналған арнайы төсек.
"Көшпелілердің өмірінде бесіктің орны ерекше болған. Қазақ дәстүрінде бесік ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып ауысып отырады. Қазақ халқының бесікті қатты қадірлейтіндігі соншалықты, қазақ атасы жақтан бесікке бала, немере, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына дейін бөлейді. Қазақы ортада бесікті ұқыптап, таза ұстау – ұрпақтың ғұмыры бесіктің қирамай, сынбай сақталуымен байланысты деп ырымдаған", - дейді Орталық музейдің бас қор сақтаушысы Үміт Әшімова.
© Sputnik / Айдана ДайыроваҚазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
Қазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
© Sputnik / Айдана Дайырова
Бесікті Орталық Азия мен Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі пайдаланады. Дей тұрғанмен, көшпелі өмір салтына бейімделген қазақтың дәстүрлі бесігі, бөлеу тәсіліне, бөленген баланы алып жүруге арналған ерекшеліктеріне байланысты қазақтың материалдық мәдениеттің бірегей үлгісі. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болды.
"Қазақ дәстүрінде бесікті ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып ауыса беретін. Бесікті ұқыптап, уақытылы жөндеп, қаңсытпай таза ұстайтын. Себебі ұрпақтың ғұмыры бесіктің қирамай сынбай сақтауымен байланысты деп ырымдаған. Бесікте жатқан нәресте қайтыс болған жағдайда бейітінің басына бесігі бірге қойылатын. Қорыта келгенде бесік өсу, өркендеу идеясымен тікелей байланысты ғұрыптық мәні зор ерекше тұрмыстық бұйымдар қатарына жатады", - дейді Үміт Әшімова.
Екі ғасырлық тарихы бар ҚР мемлекеттік орталық музейі қорындағы бесіктер Қазақстанның әр өңірінде жасалған. Олар өзінің құрастырылуымен, қолданылған материалдарымен ерекшеленеді. Ал тұңғыш рет өткізілген көрмеге 11 бесік қойылды.
"Ең алғашқы бесіктер тал бесік. Бұл бесіктің қашан жасалғанын ешкім білмейді. Өйткені бұл бесікті тапсырған адамның өзі білмейді екен. Ең басты ерекшелігі сол, бұл бесік бір де бір шеге қолданылмай жасалған", - дейді қор мамандары.
© Айдана ДайыроваҚазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
Қазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
© Айдана Дайырова
Бесік пәк нәрестені бөлеуге арналғандықтан, оны жасау процессі қорғау магиясына байланысты түрлі салт жоралғылар орындалады. Бесік жасау алдында шеберлер ата-бабалары мен ұстаздарына сыйынып, Алла Тағаладан жұмыстың сəтті аяқталуын тілейді. Бесікке пайдаланылатын ағаштарды арша түтінімен үш қайтара айналдырып, аластап тазартып алғаннан кейін ғана іске кірісетін, дейді Үміт Әшімова.
"Біз бесік көрмесін ұйымдастырғанда өзіміздің қорда жиналған жәдігердерді қоямыз. Кез келген көрменің бірінші тұжырымдамасы, екінші тақырыптық экспозициялық жоспары жасалады, әр зат туралы мәліметтер жинақталады. Құжаттар ақтарамыз, қай жерден тапсырған, қашан тапсырған, сатылып алынған ба, тапсырылған ба, соның бәрін зерттейміз. Мысалы 2023 жылы үш бесік қабылдадық. Әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы музей жанашырларына үндеу жасап, музейде жәдігерлердің мәңгілік сақталатынын айтамыз. Мұнда ауа температура бірқалыпты. Сәйкесінше барлық жәдігерді сақтау мерзімі ұзақ болады", - дейді бас қор сақтаушысы.
Үміт Әшімованың айтуынша, ырымға сенген қазақ бесікті негізі басқа біреуге тапсырмаған.
"Бірақ өкінішке орай, қазір баласын бесікке бөлейтін аналар азайып барады. Оның үстіне смарт бесіктер, мобильді бесіктер көбейіп кеткен. Сол себепті бұрыннан қалған бесіктер ауылды жерлерде кейде зат сақтайтын қора жағына шығып қалатын да кездер болады. Ал қалалы жерде аядай бөлмеде үлкен бесікті қоятын орын таппай жататын кісілер бар", - дейді ол.
© Айдана ДайыроваҚазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
Қазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
© Айдана Дайырова
Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: "Алла, Алла, Алла", – деп, Алланың атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге: Маған да үйретіңдер, – деп өтінеді. Періштелер Хауа анаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті. Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы "Әлди, әлди, әлди-ай" деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың "Алла, Алла, Алла-ай" деген әуеннен шыққан деседі. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. "Аналар әлдисіз жасай алмас" деген нақыл сөз содан қалған дейді.
Жоңғарлар шапқыншылығы өткеннен кейін тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: "Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арақалап келе жатқаны-ай!" – дегенде Төле би: "Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой", –деген екен.
© Айдана ДайыроваҚазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
Қазақстандағы тұңғыш бесік көрмесі Алматыда өтті
© Айдана Дайырова
Қашаған ақынның "Пайғамбарлар туғанда, Бесік болған бұл ағаш" деп жырлауы да тегін болмаса керек. Ілгеріден біте қайнасып ауыздан ауызға тарап келе жатқан "Қобыланды батыр" жырында: "Алтыннан бесік ойдырып, Ақ торғынға бөлеген" деген өлең жолдары осының айғағы. Бұл сөздер біздің жұрттың сол кездегі биік эстетикалық талғамынан хабар берсе керек.
Музей мамандары болашақта бесік көрмесінің әлі де талай ұйымдастырылатынын айтады. Жәдігерлерді сатып алға қаржы бөлген жағдайда халық арасынан тағы да құнды жәдігерлер жинақталады, дейді олар.