Астанада үш күн "Наурыз базары" жәрмеңкесі өтеді

© Photo : Пресс-служба акима Астаны Праздничная ярмарка на Наурыз в Астане
Праздничная ярмарка на Наурыз в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.03.2024
Жазылу
АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Бүгін Астанадағы ЭКСПО көрме орталығының алаңында "Наурыз базары" жәрмеңкесі ашылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Үш күндік жәрмеңкеге Қазақстан, Түркия, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Қырғызстан қолөнершілер келді. Олардың ішінде зергерлер, қыш шеберлері, керамика, тас және монета мамандары, кілем тоқушылар мен халық музыкалық аспаптарын жасаушылар бар.
"Наурыз базары" жәрмеңкесіне қатысушылар этностильдегі киімдердің, зергерлік бұйымдардың, керамика, металл, киіз және жібектен жасалған заттардың, кәдесыйлардың жаңа топтамаларының таңдаулы нұсқаларын ұсынады", - дейді ұйымдастырушылар.
Жәрмеңкеде қолдан жасалған бұйымдардан басқа, азық-түлікті тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сатып алуға болады. Азық-түлік жәрмеңкесінде 200 тоннадан астам өнім, оның ішінде ет және сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, бал және тағы басқа тауарлар сатылады.
"Наурыз базары" аясында шығыс тағамдары фестивалі да өтеді. Қонақтар елорданың үздік мекемелерінен Наурыз көже, ыстық палау, бауырсақ және басқа да ұлттық мерекелік тағамдардан дәм тата алады.
Сонымен қатар, мерекелік концерттер, ұлттық спорт түрлері бойынша бұқаралық жарыстар, сурет салу, қыш өнері, қазақтың ұлттық аспаптарында ойнау және тағы басқа шаралар өткізіледі. Жас қонақтар үшін арқан тарту, асық ату мен тоғызқұмалақ ойындары ұйымдастырылады.
Жәрмеңке 21 наурызда сағат 13.00-ден 18.00-ге дейін, 22 және 23 наурызда 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Жаңалықтар
0