Ішкі істер министрі Самат Әбіштің пробациялық бақылауға алынғанын айтты

Самат Абиш - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.03.2024
Жазылу
Ішкі істер министрі сот үкімі бойынша пікір білдіруден бас тартты. Бірақ Әбіштің пробациялық бақылауға алынғанын растады
АСТАНА, 20 наурыз - Sputnik. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасарына қатысты қандай шара қолданылғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілісте журналистер министрден Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты сот үкімі туралы сұрады. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сәйкес, Әбіш 8 жылға шартты түрде сотталды.
Ішкі істер министрі сот үкімі бойынша пікір білдіруден бас тартты. Бірақ Әбіштің пробациялық бақылауға алынғанын растады.

"Үкім бойынша судьялардан сұрау керек. Қазіргі кезде ол пробациялық бақылауға алынды. Оған тұрғылықты жерден тыс жерге шығуға болмайды. Сотта пробациялық бақылау белгіленді", - деді Сәденов.

Оның айтуынша, Әбішке қатысты барлық шара сот үкімінде көрсетілген. Ал Астана соты Самат Әбіштің шартты түрде сотталғанын растамады. Сот әкімшілігінің департамент басшысы Елдос Жұмақсановтың айтуынша, қылмыстық іс құпия істер санатына жатқызылған. 

Айта кетері, Самат Әбіштің үстінен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. 2023 жылғы қыркүйекте бас прокуратура қаңтар оқиғасы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу басталғанын хабарлады.
Ол қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Дәл сол күні бас прокуратура Самат Әбіштен ешқайда кетпеу туралы қолхат алғанын, ол Қазақстанда екенін мәлімдеді.
Самат Әбіш – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. 2015 жылдан бастап қаңтар оқиғасына дейін, яғни 2022 жылдың қаңтарына дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Самат Әбіш - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.04.2019
Дерекқор
ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш туралы не білеміз?
Жаңалықтар
0