Ақтөбе облысында монополист кәсіпкерлерден ай сайын 50 мың теңгеден алып отырған

© Sputnik/Ертай СарбасовАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.03.2024
Жазылу
Кәсіпкер талабын орындамаған жағдайда монополист электр энергиясын беруді тоқтатқан
АЛМАТЫ, 20 наурыз – Sputnik. "Бизнеске жол" жобасы іске қосылған сәттен бастап 600-ден астам проблемалық кейс шешіліп, 30 мыңға жуық кәсіпкерге көмек көрсетілді, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 30 мыңға жуық кәсіпкердің құқын қорғады.
Заңбұзушылық жер қатынастары, салық салу, мемлекеттік сатып алу және инфрақұрылым объектілеріне қосылу салаларында ең көп анықталды.
"Мысалы, Ақтөбе облысында "Aqtobe su-energy group" АҚ монополисі кәсіпкерлерден электр қондырғыларын бірлесіп пайдалануға шарт жасасуды талап еткен. Салдарынан 45 кәсіпкер ай сайын 50 мың теңгеден (жалпы сомасы 2,2 млн теңге) төлеуге міндетті болған. Бизнес есебінен монополист өзінің электр желілерін жөндегісі келген", - дейді антикор.
Кәсіпкер талабын орындамаған жағдайда монополист электр энергиясын беруді тоқтатқан.
"Астана қаласының мемлекеттік кірістер департаменті әкімшілендіру басқармасы аудит бөлімінің басшысын әшкерелеп, 36 млн теңге сомасында ҚҚС қайтару бойынша оң шешім қабылдағаны үшін кәсіпкерден 3,6 млн теңге сомасында пара талап еткен. Ақшаны алғаннан кейін ол ұсталды және соттың санкциясымен ҚР ҚПК-нің 147-бабына сәйкес қамауға алынды", - дейді ведомство.
Сондай-ақ "Қазақстан темір жолының" еншілес кәсіпорны "Қазтеміртранс" АҚ филиалдары басшыларының заңсыз баю жемқорлық схемасы ашылған. Олар жүк вагондарының тапшылығын пайдалана отырып, жүк вагондарын кедергісіз және жеделдетіп бергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алған.
Сот үкімімен "Қазтеміртранс" АҚ Ақмола және Қарағанды филиалдарының директорлары бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтар
0