Алматы әуежайында рейстердің 58%-і кешігіп жатыр

© SputnikАлматы әуежайында кешіккен рейстердің жолаушылары
Алматы әуежайында кешіккен рейстердің жолаушылары - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.03.2024
Жазылу
Әуежайдағы ұшақ жолдарын тазалау үшін бір тәулікте 70 мың тонна сұйықтық төгілген
АЛМАТЫ, 15 наурыз – Sputtnik. Алматы әуежайында рейстер әлі де кешігіп ұшып жатыр. Әуе компаниясының өкілдері келеңсіздік туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputtnik Қазақстан тілшісі.
Кеше кешке таман Алматыда аяқасты болған қарлы бораннан 25% әуе рейсі уақытынан кешікті. Ал бүгін жолаушылардың 58% әлі де діттеген жеріне жете алмай сарсаңға түсіп жүр.
"Кеше Алматы қаласында болған метеорологиялық жағдайлар әуежайды жабу туралы шешім қабылдауға мәжбүр етті. Әуежай екі сағатқа жабылды. Ең алдымен, бұл шешім мұздан тазарту мәселелерінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты болды", - дейді Алматы халықаралық әуежайының жерүсті қызмет көрсету департаментінің директоры Татьяна Волошина.
Оның айтуынша, әуежайды жабуға тағы бір себеп болған жайт –ұшудың кешігуіне байланысты ұшақтар жиналып қалған, тұрақ орын жетіспеген.
Волошина әуежайда қалған жолаушылар тамақ және жатын орындармен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Алайда жолаушылардың бір бөлігі мұндай қызмет көрсетілмегенін айтып, шағымданып жатыр.
"Кейбір жолаушылар уақытылы тамақтанбаса, демек хабар алмаған. Бірақ барлық жолаушыны назардан тыс қалдырмауға тырыстық. Әр жағдай бойынша нақты қарастырамыз, заң жүзінде шешім шығарамыз", - деді Азаматтық авиация комитеті халықаралық әуе қатынасын реттеу басқармасының басшысы Әділет Көбенов.
Оның айтуынша, кешегі қар әдеттегіден дымқыл болған. Бірден мұз болып қатқан.
"Барлық рейстер кешігіп жатыр. Әуежай негізі кез келген жағдайға дайын. Бірақ біз бірінші кезекте жолаушының амандығын қарастыруымыз керек", - деп толықтырды Көбенов.
Алматыда екі күнде барлығы қанша жолаушы жолдан қалғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Ал қазіргі уақытта Алматыдағы әуе жайда ұшақтардың 58%-і уақытынан кешігіп жатыр.
"Қардың қалыңдығынан ұшу жолағында 900 метр қашықтықты көру мүмкін болмады. Ал ұшаққа отырып алып, ұша алмай қалған жолаушыларға сол жерде тамақ берілді. Кеше 14 наурызда 25% ұшақ рейсінен кешікті. Ал 15 наурызда 58%, яғни 33 ұшақ ұшу уақытынан кешікті. Негізі жай күндері әуежайдағы ұшақ жолдарын тазалауға 4-5 тонна сұйықтық төгілетін, бұл жолы бір тәулікте 70 мың тонна сұйықтық төктік. Бұның бәрі уақыт алды", - дейді Air Astana жерүсті қызмет көрсету қызметінің директоры Берік Әбдірахманов.
Ал Skat әуе компаниясы ешбір рейсі тоқтамағанын, тек 1,5-2 сағатқа ғана кешіккенін айтады.
Жаңалықтар
0