Ескі көліктерді жаңа деп әкелгендер мемлекетке 14 млрд теңгеден астам залал келтірді

© Sputnik / Тимур БатыршинАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2024
Жазылу
Мамандандырылған ХҚКО-ның 59 лауазымды тұлғасы мен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің бұған қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Көлік құралдарын заңсыз бастапқы тіркеу схемалары арқылы мемлекетке 14 млрд теңгеден астам шығын келтірілді, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекет көлік құралының шығарылған жылына байланысты тіркеу алымдарының мөлшерлемесін төмендету арқылы елге жаңа жүк көліктері мен автобустарды әкелуді ынталандырады.
Көліктердің көпшілігі әлі де дизельмен жұмыс істейді және соның салдарынан ауаның ластану деңгейі артып келеді.
Егер автокөліктің шығарылу мерзімі бес жылдан асса, онда 2500 АЕК төлеу керек, ал егер екі жыл толмаса, төленетін сома 0,25 АЕК-ке дейін қысқарады.
"Сондықтан кейбір азаматтар елге ескі және қауіпті жүк көліктерін, автобустарды жалған құжаттар бойынша әкелуге тырысып, шығарылған жылын ауыстырады", - деп жазылған хабарламада.
Тек анықталған фактілер бойынша 2022-2023 жылдары сотқа дейінгі 23 тергеу басталды, онда алдын ала есеп бойынша бюджетке 14,3 млрд теңгеге залал келтірілген.
Мамандандырылған ХҚКО-ның 59 лауазымды тұлғасы мен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Көлік құралдарын заңсыз бастапқы тіркеудің негізгі схемалары анықталды.
Алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар арнайы ХҚКО-ға бастапқы алымның ең төменгі мөлшерлемесін төлеу мақсатында шығарылған күні өзгертілген жалған түбіртектерді ұсына отырып, автокөлікті есепке қойған.
Кейбір жағдайларда (2016 жылдан бұрын шығарылған) Egov порталы арқылы онлайн режимінде, жалған құжаттарды пайдалана отырып, ресми дилерден сатып алынған және жаңа КҚ ретінде алымдарды төлеу арқылы тіркеген.
"Халықаралық автомобиль тасымалдаушысының куәлігі берілген фактілер кездесті, ол болған жағдайда бастапқы есепке қоюға алым төленбейді", - деп толықтырды ҚМА.
Кейбір жағдайларда контрабандалық жолмен әкелінген көлік құралдарына құжаттардың барлық пакетін қолдан жасау арқылы тіркелген.
ҚМА жүргізген талдау көлік құралдарын алғашқы тіркеуді Арнайы ХҚКО қызметкерлері интеграцияланған ақпараттық жүйеге авто санаты туралы дәйексіз деректерді "қолдан" енгізу арқылы жасалғанын көрсетті.
Автокөлік құралдарын бүкіл ел аумағында одан әрі заңсыз алаяқтық схемалар арқылы тіркеуді болдырмау мақсатында агенттік ақпараттық жүйелерді айналып өтіп, деректерді "қолдан" енгізу мүмкіндігін болдырмау жөнінде шаралар қабылдады. "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-мен бірлесіп, Мемлекеттік корпорация қызметінің қағидаларына заңнамалық деңгейде тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтар
0