Енді сотқа жеткен іс прокурорға қайта тергеу үшін қайтарылмайды

© Sputnik / Санат ИмангалиевЗаседание мажилиса
Заседание мажилиса - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2024
Жазылу
Адвокаттың рөлі, оның ішінде сараптама жүргізу кезінде айтарлықтай күшейтіледі
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Сотқа дейінгі тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін сот процесі кезінде істі пысықтау үшін прокурорға қайтаруға жол берілмейді. Мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте "Кейбір заңнамалық актілерге Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, заң жобасының бірінші блогы азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Онда мынадай шаралар қарастырылған:
азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуды болдырмау;
сотқа дейінгі тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі пысықтау үшін прокурорға қайтару мүмкіндігін болдырмау;
кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау және тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу;
бұрын "қорғалуға құқығы бар куә" ретінде болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу;
адам өлімімен байланысты емес аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу мүмкіндігін беру;
жазаның мөлшерлес болуын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету мақсатында кейбір қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша еселенген айыппұлдарды енгізу.
"Сондай-ақ, қылмыстық қудалау органдары бұқаралық ақпарат құралдарында күдіктінің фигурасын "жамандау" арқылы қоғамдық резонанс тудыратын және тергеу барысына әсер етуі мүмкін ақпаратты жариялай алатындықтан, заң жобасында адвокатқа сотқа дейінгі тергеудің мәліметтерін жарияламай, күдіктіге тағылған айыпты теріске шығаруды жариялауға мүмкіндік беру ұсынылады", - деді министр мәжілістің жалпы отырысында.
Адвокаттың рөлі, оның ішінде сараптама жүргізу кезінде айтарлықтай күшейтіледі:
адвокат көшірмелерін алуға құқылы құжаттардың тізімі кеңейтіледі;
адвокаттың тағайындалған сараптама бойынша барлық қосымша және нақтылайтын сұрақтары дереу сарапшыға жіберіледі;
адвокат сараптама объектілерімен таныса алады.
Тағы бір блок қылмыстық процесті оңтайландыруға және "бюрократиясыздандыруға" бағытталған.
Министрдің айтуынша, түзетулердің бұл блогы қылмыстық істі электронды форматта қарауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қашықтан беттестіру және жауап алу мүмкіндігін енгізу жоспарланып отыр. Өйткені бүгінгі күні тергеуші басқа аймақтардан да беттестіру үшін адамдардың келуін қамтамасыз етеді.
"Сонымен қатар, қашықтан жауап алу және беттестіру субъектілерінің ауқымы кеңеюде. Осылайша, жәбірленуші және куәмен қоса, қорғалуға құқығы бар куә мен күдіктіге қатысты бейнебайланыс режимінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, аталған тергеу әрекеттерін жүргізуге болады", - деді Есқараев.
Бұдан бөлек заң жобасында жәбірленушінің орналасқан жері бойынша – ақпараттық жүйе немесе интернет желісі арқылы қылмыстық құқықбұзушылық жасалған жағдайларда сотқа дейінгі тергеу жүргізу мүмкіндігін енгізу де көзделген.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2024
Тоқаев судьялардың тәуелсіздігін күшейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды
Жаңалықтар
0