Жеке қорғаныс үшін қандай қаруды пайдалануға болады

© AFP 2024 / KAREN BLEIERАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.03.2024
Жазылу
Заң бойынша жеке басты, тұрғынжайды, меншiкті, жер учаскесiн және басқа да құқықтарды қорғау кезінде қолсұғушыға зиян келтiру қылмыс емес
АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. Конституция бойынша Қазақстанның әрбір азаматы өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен қорғауға құқылы. Ал тәсілдер мен құралдар заңмен реттеледі. Sputnik Қазақстан заң аясында өзін-өзі қорғауға арналған қару-жарақты қолдану тәртібін ұсынады.

Қажетті қорғаныс және оның шегі қандай

Қылмыстық кодекстің 32-бабында қажетті қорғаныстың нақты анықтамасы көрсетілген.
"Қорғанушының және басқа да адамдардың жеке басы мен құқықтарын, сондай-ақ қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан, оның ішінде қолсұғушы адамға зиян келтіру жолымен заңды түрде қорғау қажетті қорғаныс деп танылады", - делінген заңда.
Заң бойынша жеке басты, тұрғынжайды, меншiкті, жер учаскесiн және басқа да құқықтарды қорғау кезінде қолсұғушыға зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып саналмайды. Бірақ қажеттi қорғаныс шегінен шығуға болмайды. Ал қорғану қолсұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне анық сай келмесе, қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Ондайда қасақана зиян келтiру бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Дегенмен белгілі бір жағдайларда қолсұғушылыққа тойтарыс беру кезінде қажетті қорғаныс шегінен шығу болып саналмайды. Олар:
қорғанушының немесе басқа адамдардың өміріне қауіпті қарулы шабуыл;
зорлық-зомбылық не осындай зорлық-зомбылықтың тікелей қатері;
тұрғынжайға, үй-жайға басып кіру;
тұрғынжайға, үй-жайға өрт қою;
қолсұғушылықтың кенеттен болуы салдарынан шабуыл қаупінің дәрежесі мен сипатын объективті бағалай алмау.

Қорғаныс үшін қаруды пайдалануға болады

Заңда азаматтық қарудың нақты түрлері көрсетілген. Оған өзін-өзі қорғау, спортпен, аң аулаумен шұғылдану мақсатында пайдаланатын қару жатады. Жеке қорғанысқа арналған қару:
тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруы;
газды қару – газды пистолеттер, револьверлер және олардың патрондары, механикалық тозаңдатқыштар, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қолдануға рұқсат берген, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған аэрозольды және басқа да құрылғылар;
электрлі қару – зақымдағыш қасиеті электр энергиясын пайдалануға негізделген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қолдануға рұқсат берген қару және өзге де заттар.
Басты талап – азаматтық қару үздіксіз атпауы шарт.

Рұқсат алу керек пе

Газды қару мен естен тандыратын электр құрылғысын пайдалану үшін ішкі істер органдарынан рұқсат қағазын алу керек. Ондай рұқсаттар 18 жасқа толған адамдарға ғана беріледі. Ал тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруын тек 21 жасқа келгендер ұстайды. Оны сатып алғаннан кейін бір аптаның ішінде тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында тіркеу қажет.
Пневматикалық қару, жас ағызатын заты бар құрылғылар мен бүріккіштер үшін арнайы рұқсат қағазын алудың қажеті жоқ. Тіркеуге де қойылмайды.
Мәселен, газ баллонын сатып алғанда тек жеке куәлікті көрсету керек. Ал сатушы ондай құрылғыны пайдалану ережесін айтып береді. Одан кейін журналға қол қойып, тауарды алып кетуге болады.

Қаруды мақсатсыз пайдалану

Азаматтық қаруды мақсатсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік, тіпті қылмыстық жаза қарастырылған. Сотта барлық мән-жай ескеріледі. Соның ішінде адамның психиатриялық сараптаманың қорытындысы, қоғамға қауіп төндіру дәрежесі, қайтыс болғандардың бар-жоғы және тағы басқа жағдайлар бар.
Мәселен, қоғамдық жерде газ баллонын пайдаланғаны үшін ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартуы мүмкін. Ол үшін 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл немесе 5-15 тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған. Ал шашылған газдың салдарынан біреу қайтыс болса, қылмыстық іс қозғалады.
Қылмыстық кодекстің 104-бабында абайсызда қазаға ұшыратқаны үшін нақты жауапкершілік жазылған. Оған сәйкес, кінәсіз адамды өлтіргені үшін үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал екi немесе одан да көп адамды қайтыс болса, бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Жаңалықтар
0