Қоғам

Көлік салығын қашан және қалай төлеу керек

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.03.2024
Жазылу
Заңнамаға сәйкес сот орындаушылары көлік салығын төлемеген азаматтардың банктегі шоттары мен мүлкін бұғаттауға құқылы
АСТАНА, 11 наурыз – Sputnik. Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті көлік салығын төлеу тәртібін жариялады.
2023 жылға көлік салығын төлеу мерзімі биыл 1 сәуірде аяқталады.

"Салықты есептеу кезінде 2023 жылы қолданыста болған 3 450 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш пайдаланылады. Көлікке салынатын салық сомасын kgd.gov.kz порталында және "e–Salyq Azamat" мобильді қосымшасында калькулятордың көмегімен дербес есептеуге болады", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ есеп айырысу сальдосын айқындау мақсатында салық органдары жыл сайын тиісті жылға жеке тұлғалардың көлік салығын есептейді. Салықтың есептелген сомалары бойынша ақпарат 2024 жылғы 15 наурыздан кейін Каспи банк және Халық банк мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH–хабарлама түрінде жіберіледі.
Бұдан бөлек салық сомасы туралы ақпарат kgd.gov.kz порталында "Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер" сервисінде, сондай-ақ "e–Salyq Azamat" және Каспи банк пен Халық банктің мобильді қосымшаларында жарияланады. Мобильді қосымшалардың барлық пайдаланушысы көлік салығының 2023 жылға есептелген сомаларын көреді және оның төлемін жасай алады.
Мемлекеттік кірістер департаменті 2024 жылғы 2 сәуірден бастап салық сомасын уақытылы төлемеген жүргізушілерге салық берешегі туралы хабарлама жолдайды.
1 АЕК-тен (3450 теңге) астам берешек сомасы бойынша хабарлама тапсырылғаннан кейін отыз жұмыс күнінен кейін жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығы автоматты түрде қалыптастырылады және борышкерге жіберіледі. Берешек тапсырылғаннан кейін 5 жұмыс күнінен кейін төленбеген жағдайда, салық бұйрығы жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға беріледі, деп ескертті ведомстводағылар.

Жүргізушілердің көлік салығы бойынша берешегі қанша

МКД ақпаратынша, 2024 жылғы 28 ақпандағы жағдай бойынша 539 241 жеке тұлғаның мүлік пен көлік салығы бойынша 16,3 млрд теңге берешегі бар. Оның ішінде берешектің негізгі сомасы көлік салығын – 14,9 млрд теңгені құрайды.
Көлік салығын төлеуден жалтарған автокөлік иелерінің ең көп саны мына өңірлерде тіркелген:
Алматы қаласы – 26 мың борышкер бойынша берешек 3,5 млрд теңге;
Алматы облысы – 24 мың борышкер бойынша берешек 2,2 млрд теңге;
Астана қаласы – 20 мың борышкер бойынша берешегі 1,6 млрд теңге.
"Заңнамаға сәйкес сот орындаушылары банктік шоттар мен мүлікті бұғаттауға құқылы. Сондай-ақ, берешек сомасы 40 АЕК-тен асқан кезде ел аумағынан шығуға тыйым салынуы мүмкін", - деп мәлімдеді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті.
Сонымен қатар, жеке сот орындаушылары берешектен бөлек қарыз сомасының 25%-іне дейінгі мөлшерде қосымша ақы өндіріп алады.
Осыған байланысты департамент қажетсіз шығындар мен проблемаларды болдырмау үшін салықты уақытылы төлеуге, ал салық берешегі болған жағдайда жеке сот орындаушыларына өндіріп алуға салық бұйрығы берілген сәтке дейін (мамыр айының үшінші онкүндігіне дейін) салық пен өсімпұлды төлеуге кеңес береді.
Жаңалықтар
0