Қытай 5G-ден 10 есе жылдам интернетті қолданысқа енгізгелі жатыр

© Photo : СС0 / ArtisticOperationsАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.03.2024
Жазылу
Мамандар бастапқы тәжірибеде тапсырыс жеткізуге арналған пилотсыз жүретін 100 көлікті желіге қосып көрді
АСТАНА, 7 наурыз – Sputnik. Қытай 5.5G интернет желісін әлемде бірінші болып қолданысқа енгізгелі жатыр. Мобильді желі 5G-ден қарағанда 10 есе жылдам, деп хабарлады 24KZ.
Бұл жоба алдымен пилотсыз көліктерді басқару жүйесінде қолданылып, сынақтан өтті. Сынақ сәтті жүзеге асқан. Енді оны интеллектуалдық өндіріс саласына енгізу көзделіп отыр. Жаңа мобильді байланыс 5G-А деп те аталады. Мамандар бастапқы тәжірибеде тапсырыс жеткізуге арналған пилотсыз жүретін 100 көлікті желіге қосып көрді. Интернеттің аса жылдамдығы қозғалыс қауіпсіздігі мен жұмыс тиімділігін арттырған. Желіні сынау әлі толық аяқталған жоқ. Қазір Бейжіңде тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.
"Көліктер жолда түрлі кедергілерге тап болатын. Көп жағдайда жаяу жүргіншілер, бағдаршамға тоқтаған өзге де көліктер жолды бөгейді. Осы себепті біз 5.5G интернетінің базалық станцияларын жақын етіп орналастыруға мән бердік. Осының арқасында бағдаршам белгілері көлік базасына бірден жетеді. Сынақ күрделі жолдармен жүру кезінде өте ыңғайлы болып шықты", - дейді бас сәулетші Цзэн Венда.
Қазір елде 5G интернеттің жылдамдығы жасанды интеллектіні пайдалану, 3Д жобаларды жасау кезінде жеткіліксіз болып отыр. Заманауи технологияның талаптарына толық сай келмейді. Нақтырақ айтсақ, өткізу мүмкіндігі төмен. Әрі электр қуатын шамадан тыс көп тұтынады.
"5.5G осы мәселені жоюға мүмкіндік берді. Бұл 5G мен 6G арасындағы өтпелі кезең десе болады. Желінің мүмкіндігін арттырған сайын түрлі салада цифрлық өнімділіктің қуаты күшейе түседі. Қызметтің жаңа түрлері пайда болады. Жаңа желі экономикалық жағынан да өте тиімді", - дейді Қытайдың электронды-ақпараттық индустриясын дамыту институтының ғалымы Сюй Чанг.
Қазір қытайлық байланыс операторлары 5.5G интернетті қосуға дайындалып жатыр. Бастапқыда бұл желі елдің 300 қаласына орналастырылғалы отыр. Қазірдің өзінде елдің 20 провинциясына мыңнан астам базалық станция құрылып қойылған. Олардың бәрі биыл толықтай коммерциялық қолданысқа енгізілмекші.
Жаңалықтар
0