Жиі құбылады: синоптиктер наурыз айында ауа райы қандай болатынын айтты
© Sputnik / Александр МирогловАрхивтегі сурет
© Sputnik / Александр Мироглов
Жазылу
Республиканың солтүстігінде наурыз айында да қыс жалғасады, күн бір ай бойы суық болады деп болжанып отыр
АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. "Қазгидромет" РМК наурыз айына ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде көктем күнтізбелік мерзімге қарағанда сәл кешірек келеді – наурыздың екінші жартысы – сәуір айының басы. Ал оңтүстік өңірлерде наурыз жылы күндермен басталады, бірақ содан кейін суық ауа райы қайта оралады.
Бірінші онкүндіктің соңында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында қатты жаңбыр жауады, ал елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы аудандарында жаңбыр соңы қарға ұласуы мүмкін.
"Наурызда, әдетте, синоптикалық процестердің қыстан көктемге ауысуына байланысты ауа райы жиі өзгереді. Қазақстанның солтүстік облыстарында наурыз қыстың жалғасы болады, бір ай бойы күн қыс мезгіліндей суық болады, қар, боран, көктайғақ және тұман күтілуде. Ал кейбір күндері көктемгідей жылы болады", - деп болжады синоптиктер.
Бірінші онкүндікте ауа температурасы жоғарылайды:
елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында түнде -5-17°С-тан -3-8°С-қа дейін, күндіз -1-7°С-тан -2+3°С-қа дейін;
елдің шығысында түнде -20-35°С-тан -3-13°С-қа дейін, күндіз -3-12°С-тан -2+5°С-қа дейін;
елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарында түнде 0,-10°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз 0,+7°С-тан +7+15°С-қа дейін, қиыр оңтүстікте +18°С-қа дейін.
Екінші онкүндікте ауа температурасының ауытқуы күтіледі:
солтүстік жартысында түнде -17-27°С-тан -3-13°С-қа дейін, күндіз -7-12°С-тан -1-6°С-қа дейін;
оңтүстік жартысында түнде 0,+10°С – тан -5-15°С-қа дейін, күндіз +10+20°С-тан 0,+8°С-қа дейін.
"Бірақ нағыз көктем айдың үшінші онкүндігінде келеді – елдің солтүстік жартысында түнде -5+3°C, күндіз +3+13°C, оңтүстікте – түнде +2+10°C, күндіз +15+21°C болжанып отыр", - дейді синоптиктер.
Наурызда бір айдағы орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормаға жуық, елдің қиыр оңтүстігінде 1°-қа жоғары болады деп күтілуде.
Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жуық, Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының шығыс жартысында, Павлодар және Жетісу облыстарының шығысында, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында нормадан көп болады деп болжануда.