Батыста 29 млн теңгеге екі көлік алуды көздеген аудан әкімі мен депутат арасында дау шықты
© Sputnik / Игорь Зарембо
/ Жазылу
Бюджетке аудан әкімінің орынбасарларына су жаңа шетелдік көлік алмақшы, деп жазды депутат
АЛМАТЫ, 29 ақпан - Sputnik. Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының әкімдігі бірнеше ондаға миллион теңгеге корей автокөлігін сатып алуды жоспарлаған. Алайда бұл шешім аудандық мәслихат депутатының шамына тиген. Мәселенің мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі анықтады.
Қазталов аудандық мәслихатының депутаты Серікбол Кадемов ФБ әлеуметтік желідегі жеке парақшасына аудандық әкімдікке деген наразылығын білдірді.
“Аудан әкімінің тұрғындар алдында да көп айтатын сөздерінің бірі – аудан бюджетінің аздығы. Енді сол аз бюджетке аудан әкімінің орынбасарларына су жаңа шетелдік көлік алатындай бұл не асығыс шешім болды екен дерсіз... Әрине, бұл депутаттардың ұсынысы емес. Қайта, кейбір әріптестеріміз сол қаржыға неге бүкіл ауылдық округ әкімдеріне су жаңа Нива Шевроле көлігін алып бермеске дегені бар. Рас, халықпен етене жұмыс жасауда аудан әкімінің орынбасарларына қарағанда ауылдық округ әкімдерінің жұмысы көп. Жол жүруі де аз емес. Туксон көлігін міну үшін алдымен елдің жағдайын дұрыстау керек. Ауданымызда шешімін таппай жатқан мәселе өте көп. Дәл қазір Туксон алатын жағдай емес”, - деп жазды аудандық маслихат депутаты Серікбол Кадемов.
Депуттатың айтуынша, аудандағы әкімдік жиындары тым жиі өткені соншалық, депутаттардың ойлануға мұршасы болмаған.
“Ақпан айының 19-23 күн аралықтарында өзімнің жұмыс орным жағынан Орал қаласында іссапарда болдым. Ақпан айының 20-сы қоғамдық кеңес отырысы, 21-і аудандық мәслихаттың бюджеттік комиссиясының отырысы, 22-сі аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы. Енді осы өткен жиналыстар өз талабына сәйкес өтті ме? Әрине, жоқ. Бюджеттік комиссия мен сессияның арасында бір күн уақыт жоқ. Бұл өрескел қателік деп есептеймін. Мәслихат депутаттарына бюджетті өзара талқылауға да уақыт берілмеген”, - деп жазды депутат.
Sputnik Қазақстан мәселенің мән-жайын аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың өзінен сұрап көрді. Әкімнің айтуынша, ауданның аумағы үлкен, анау-мынау көлік жолға жарамайды.
"Казталов ауданы - облыс орталығынан 330 шақырым жерде орналасқан облыстың ірі аудандарының бірі. Ауданы-18,6 мың шаршы км. ауданда 16 ауылдық округ, 47 елді мекен бар. Аудандық маңызы бар 524 км автомобиль жолдарының тек 41 километрі асфальтталған", - дейді Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.
Әкімнің айтуынша, Казталов ауданы әкімдігінің балансында 30 қызметтік автомобиль бар, оның небәрі 13-і ғана жарамды күйде.
"Әкімдік баласындағы көліктердің 70%-і тозған. Автокөліктердің көпшілігі 2008-2014 жылдары сатып алынған. Осыны ескере отырып, 2023 жылы Казталов ауданы әкімінің аппаратына JAC S5 маркалы екі жаңа қызметтік автокөлік сатып алынды. Алайда, 1 жыл ішінде екі көлік бірнеше рет істен шығып, жөндеуден өтті. Елді мекендердегі объектілерді салу және күрделі жөндеу барысын бақылау үшін, сондай-ақ шаруа қожалықтары мен қыстауларға бару үшін жол жүру мүмкіндігі жоғары көлік құралдарын сатып алу қажеттілігі бар", - дейді аудан әкімі.
Сарқұловтың айтуынша, аудандық мәслихаттың сессиясына қызметтік көлік сатып алу жөнінде ұсыныс енгізіліп, аудандық мәслихат депутаттары қолдады.
Сөздің қысқасы, Казталов аудандық әкімдігі 30 580 000 теңгеге екі TUCSON, 7 млн 400 мың теңге бір Нива көлігін сатып алуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүріп жатыр.