Қазақстандық ғалымдарға жаңа үстемеақы төленеді

© Sputnik/Ертай СарбасовЛаборатория
Лаборатория - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2024
Жазылу
Университеттер мен ғылыми ұйымдардың жетекші ғалымдарына ғылыми жұмыстарын аяқтау үшін шығармашылық демалыс беріледі
АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Парламент мәжілісі ғалымдар үшін әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтетін заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды. Заң жобасы сенат пен мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген. Оның басты мақсаты – ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Қосымша үстемеақы және шығармашылық демалыс
Мәжілісмен Асхат Аймағамбетов қазіргі таңда ғылыми зерттеу институттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдар PhD докторы, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемеақы алады. Енді заң жобасы бойынша оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр.
"Мысалы PhD докторы, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алса, енді ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемақы, яғни жалпы 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемеақы ретінде алады. Ал енді ол ғылым докторы болса және қазір 125 мың теңге үстемақы алса, бұл заң қабылданғаннан кейін қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, сонда жалпы алғанда 185 мың теңге қосымша ақы алатын болады", - деді Аймағамбетов мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ ғалымдар үшін халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған саббатикал институтын енгізу көзделген. Яғни жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекші ғалымдары үшін шығармашылық демалыс беру қарастырылған.
"Шығармашылық демалысты бір жылға дейін алуға болады және осы кезеңде жетекші ғалым орташа жалақы деңгейіндегі төлемдерді алып отырады. Бұл шығармашылық демалыс ғалымдарымызға ғылыми, ғылыми-педагогикалық жұмыстарымен айналысуға, монографияларын, ғылыми мақалаларын шығаруға мүмкіндік береді", - деді депутат.
Бұған қоса заң жобасына "ғылыми этика" ұғымы енгізілді. Бұл норма ғылыми зерттеулердің сапасы мен жауапкершілігін арттыруға, академиялық адалдық қағадаттарын сақтауға бағытталған. Сонымен қатар, ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми этиканың үлгілік қағидаларын әзірлеу туралы құзыреттігі де қарастырылған.
Ғылымды қаржыландыру
Депутаттар әкімдіктерге ғылымды қаржыландыру құқығын беруді ұсынып отыр.
"Заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдардың ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреттерін кеңейтуге қатысты маңызды жаңалық ұсынылды. Мұндай шешім өңірлерде ғылыми әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал ете отырып, ғылымның дамуындағы өңірлік ерекшеліктер мен қажеттіліктерді барынша ескеруге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Аймағамбетов.
Тиісінше әкімдіктер өңірлердегі проблемаларды шешуде ғылыми зерттеулерді пайдалануға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар ғылыми жобалардың жетекшілеріне осы жобаға бөлінген бюджет аясында қаражатты әртүрлі баптары арасында икемді қайта бөлуге құзырет беру туралы норма ұсынылды.
Депутаттың айтуынша, бұл шара ғылыми міндеттерді орындаудың тиімділігін арттыруға және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.
"Мұндай қайта бөлу жобаның бастапқы белгіленген мақсаттарының өзгеруіне әкелмеуі керек екендігіне ерекше назар аударылады. Бұл тәсіл жобаларды іске асыру процесінде қаржыны икемді басқаруға мүмкіндік береді", - деп сендірді Аймағамбетов.
Сондай-ақ ғылыми институттарды тікелей қаржыландыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл тетік 2021 жылы енгізілген.
"Яғни мемлекет үшін өте маңызды институттар тек конкурс арқылы берілетін гранттармен өмір сүрмей, тұрақты үзілмейтін тікелей қаржыландыру алу мүмкіндігіне ие болды. Заңда қазір Қазақстан тарихы, археология, Шығыстану, қазақ филологиясы сияқты 17 бағыт қана болса, біз енді олардың санын көбейту мүмкіндігін беріді ұсынып отырмыз. Яғни үкіметтің шешімімен басқа да иниституттар осындай тұрақты, үзіліссіз қаржыландыру алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл өте маңызды шешім", - деп санайды депутат.
Бұдан бөлек жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің ғылым саласындағы қызметі реттеледі. Қолданыстағы заң бойынша 1% деңгейінде ғылымға қаражат бөлу туралы норма бар, бірақ бұл норма іс жүзінде жұмыс істемейді.
"Жер қойнауын пайдаланушылардың көбісі ғылымға емес, басқа бағыттарға бұл қаражатты жұмсап жатыр. Ашықтық пен бәсекелестік те жоқ. Осыған орай заң жобасы аясында жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобаларға мемлекеттік техникалық сараптама жүргізу бойынша міндеттемелер белгіленеді және ол зерттеулердің мониторингі мен нәтижелерін тіркеу бойынша нормалар да ұсынылды", - деді ол.
Бұған қоса заң жобасына эндаумент қорының қаражаты есебінен дарынды жас ғалымдарды қолдау үшін стипендия тағайындау туралы норма енгізілді.
Әскерден келгендерге арналған жеңілдіктер
Парламент депутаттары әскерге барып өз борышын өтеген азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер енгізуді ұсынып отыр.
Біріншіден, осы санат үшін арнайы квота енгізіледі.
Екіншіден, осы квота аясында олар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына арнайы дайындалған емтихан негізінде түсу мүмкіндігін алады.
Үшіншіден, бұл азаматтарға жатақханадан орын бөлген уақытта басымдық беріледі.
Мәжіліс заңды қабылдап, сенаттың қарауына жолдады.
Жаңалықтар
0