Өңірлер

Алматыда әкімдік пен саудагерлер дауласып жатыр

© Айдана ДайыроваАлматыда әкімдік пен саудагерлер дауласып жатыр
Алматыда әкімдік пен саудагерлер дауласып жатыр  - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2024
Жазылу
Алматыдағы көтерме сауда базарында шу шықты. Бұған дейін саудасын жасап жүрген тұрғындар еш ескертусіз 2-3 күнде тұрған орнымызды қопарып тастады деп шағымданып жатыр
АЛМАТЫ, 27 ақпан - Sputnik. Алматыда әкімдік пен саудагерлер арасында дау боп жатыр. Жергілікті билік жабайы саудамен күресіп жатырмыз десе, саудагерлер билік заңсыз қуалап жатыр дейді. Мәселенің мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Алматыдағы көтерме сауда базарында шу шықты. Бұған дейін саудасын жасап жүрген тұрғындар еш ескертусіз 2-3 күнде тұрған орнымызды қопарып тастады деп шағымданып жатыр.
"Шағын ғана саудамды арбаға салып осылай сүйреп жүргеніме 12 күн болды. Алған жеміс-жидегіміздің бәрі үсіп, ысырап болды. Сондағы табатынымыз күнделікті нан мен сүттің ақшасы. Қазір полиция қуалап тұрғызбайды", - дейді Жанар Нұрышбаева.
Бұл саудагерлер дәл осы базардың маңында 10 жылдан астам сауда жасағандар. Айтуларынша, құжаты жоқ орынға тұрып сауда жасауға әкімдік өзі рұқсат берген. Тіпті ай сайын 80 мың теңгеден ақы төлеп тұрған.
"Несиеге кіріп, сол жерге киоск де орнаттық. Әкімдік ешбір ескертусіз келді де 2-3 күнде бәрін сүріп тастады. Бізді апарып базардан тыс жердегі бір орынға көшірді. Ол жерде не сауда жоқ, онымен қоймай мерзімі өтіп кеткен азық-түлік сатады. Ешбір пайда таппаймыз, несиеміз болса күн санап өсіп барады", - дейді саудагерлер.
Олардың айтуынша, әкімдік Төкен деген есімді белгісіз азаматпен бірігіп алып, полициямен қуалап жатыр.
© Айдана ДайыроваАлматыда әкімдік пен саудагерлер дауласып жатыр
Алматыда әкімдік пен саудагерлер дауласып жатыр  - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2024
Алматыда әкімдік пен саудагерлер дауласып жатыр
"Алмалы ауданының әкімінің көмекшісі Руслан Ыдырысов деген бар, Төкен соның қолжаулығы. Бізден үнемі ақша жинады. Оны өз қолымен жинамайды, Төкеннің бауыры Бекен жинайды. Бірақ бізге чек берген емес, алған ақшасын мойындамай жүр. Енді жаңадан жәрмеңке ашып, сол жерге кіріңдер деп бізді қуалап жатыр. Бұған дейін тұрғызған орындарынан 600 мың, тіпті 1 миллондап қарыз болып шықтық. Енді жаңа орынға барып тұрыңдар дейді, біз тағы белшемізден қарызға батамыз ба", - дейді Гүлсім Аманжолова.
Қазір шулаған он шақты саудагер полицияға қайта-қайта ұсталып, 3-4 сағаттап қамауда отырып келеді.
"Кәрі басымызбен сонда барып отырып келеміз, өзім зейнеткермін. Зейнетақыма күн көре алмаймын. Алмалы аудандық полиция бөліміне ылғи апарып қамайды, 37 мың айыппұлды қоса салып береді. Осы жерден қуалағанда жұмыс іздедік, тіпті пол жуып болсын күн көрейін десем 70 мың теңге еңбекақы, оған қалай күн көремін", - дейді Бейсекүл Нұрманбетова.
Енді саудагерлер "осында нақты тұрасыңдар" деп уәде беріп, кейіннен кетіңдер деп қуалағандар бұған дейін төлеген ақшамызды қайтарсын деп отыр. Тіпті адвокат та жалдаған.
"Біз Төкен деген адамның құжатсыз орынға не үшін ақша жинағаны, жалпы ол адамның кім екенін туралы шағым түсірдік. Полиция оны жергілікті прокуратура қарап жатқанын айтты. Ал прокуратурадан сұрап едік қаралып жатыр деген жауаптан басқа түк ала алмаймыз. Негізі саудагерлер қолдағы саудасын ысырап етпей сатып бітіру үшін ең болмаса 2-3 ай рұқсат беруді сұрап отыр. Алайда ешкім құлақ асар емес", - дейді адвокат Айнагүл Иманберді.
Біз жақында ашылған сауда орнына да барып көрдік. Мерзімі өткен тауар сатып тұрған саудагерлермен де сөйлестік. Бірі тауарын дереу жинап, көзден таса болса, енді бірі өз уәжін айтты.
"Бұрын көтерме сауда базарында тұрғанмын. Кейіннен 3 млн теңгеге орын сатып алу керек болды. Бірақ менің оған шамам жетпегендіктен осы жаңа орынға келіп тұрып жатырмын. Өйткені тауарларымның бәрін сату керек қой. Сапасы өткен тауар деп орынсыз жала жабуға болмайды. Менің тауарларымның көшіп-қонып жүргенде қаптамалары тауар түрінен кетіп қалған. Сол себепті арзандатып сатамын. Халық өз керегін алады. Мен ешкімді мәжбүрлеп тауарымды алдырып отырғам жоқ. Әрбірден соң халықтың жағдайы қазір ауыр, азық-түліктің бағасы шарықтап барады. Сол себепті бізден келіп алады", - дейді атын жасырған сатушының бірі.
Ал белгісіз Төкен деген кісінің саудагерлерден ақша жинайтын інісі, яғни жаңа базардың иесі Бекеннің айтуынша, саудагерлер негізсіз шулап жатыр.
"Жабайы сауданы полиция күнде қуалайды. Біздің оған еш қатысымыз жоқ. Ал мына он шақты саудагер кісілерге әу баста орын бердік, ешкім кеудесінен итерген жоқ. Бірақ өздері келіспеді. Базарда қазір де орын бар, бірақ бұл кісілер айтқандай тура алдынан немесе кіре берісінен орын қалмады. Кезінде өздері келіспеді, енді орын бермеді деп бізді қаралап жатыр", - дейді Бекен.
Тауарын сүйреп, сабылып қалған саудагерлердің айтуынша, бұрынғы орындарына әкімдік ит қыдыртатын орын жасамақ болыпты. Ал Алмалы аудандық әкімдігінің айтар өз уәжі бар.
“Иттерді серуендетуге арналған аумақ салу қарастырылмаған. Бұл мәселе аудан тұрғындарымен талқыланып, қолдау таппады. Розыбакиев көшесі мен Дүйсенов көшесінің қиылысында жергілікті тұрғындардың өтінішімен "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында аумақты абаттандыру жүргізіледі. Бір кездері стихиялық тұрақ болған, кейін ретсіз сауда орнына айналған жерде демалыс аймақтары, балалар ойын алаңдары бар шағын саябақ салынады. Автоматты суару жүйесі бар аумақты көгалдандыруға ерекше назар аударылады”, - дейді аудандық әкімдік.
Әкімдіктің айтуынша, жақын маңдағы үй тұрғындары тәртіпсіздік пен санитарлық нормалардың және қоғамдық тәртіптің бұзылуына шағымданған.
“Осыған байланысты, саудагерлерге Алматы қаласының кәсіпкерлік басқармасы жабайы саудамен айналысатындарға Көк базар, Тастақ, Барыс 4 секілді басқа базарлардан орын ұсынды. Ал Алмалы ауданының әкімдігі базар аумағынан жаңа орындар ұсынды. Арнайы ұйымдастырылған базарда сауда орындары жеңілдетілген бағамен белгіленген, ауданы орта есеппен 9 ш.м, күніне шамамен 1,5 мың теңге. Бұл қаланың басқа базарларына қарағанда 2-3 есе арзан”, - дейді Алмалы аудандық әкімдігі.
Қазіргі күні орынсыз қалған саудагерлердің 90% жаңа базарға көшіп алған. Сөздің қысқасы он шақты саудагердің мәселесі оңынан шешілетін түрі жоқ. Әкімдік Заң бәріне ортақ дейді.
“Қалған сатушылар көшкісі келмей, Розыбакиев көшесінде әлі де сауда жасап келеді. Белгіленген тәртіпке сәйкес полиция ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес, "Абаттандыру ережелерін бұзу" бойынша тыйым салынған жерлердегі саудаға тосқауыл қояды”, - дейді ведомство.
Жаңалықтар
0