Жолақыны 90 теңге деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік жоқ – Астана әкімі
18:46 27.02.2024 (жаңартылды: 19:38 27.02.2024)
© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі фото
© Sputnik / Абзал Калиев
Жазылу
Айтуынша, бір жолаушыны тасымалдау үшін автопарктер 300 теңгеден 500 теңгеге дейін жұмсайды
АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 110 теңгеге дейін неліктен көтеруге мәжбүр екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкім автобус билетінің бағасы 90 теңгеге дейін 2014 жылы көтерілгенін еске салды. Тариф он жыл бойы өзгермеген.
"Өзіңіз жақсы білесіз, он жылдың ішінде жанар-жағармай бағасы өсті. Жүргізушілердің жалақысы да көтерілді. Қазір жүргізушінің жалақысы – 500 мың теңге. Он жыл бұрын бұл сома одан екі-үш есе төмен болған шығар. Сондықтан біз осындай шешімге келіп отырмыз", - деді Қасымбек үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бүгінде бір жолаушыны тасымалдау үшін автопарктер 300 теңгеден бастап 500 теңгеге дейін жұмсайды. Арасындағы 300-400 теңге айырмашылық жергілікті бюджеттен субсидияланып отыр.
"Қазір бір адамды тасымалдау үшін компания 300-400 теңге жұмсап отыр. Расында билеттің құны осындай. Бірақ біз әлеуметтік маңызды сала деп оны 100 теңгенің маңайында ұстап отырмыз. Сондықтан мұны түсіну керек. Ондай деңгейде әрі қарай ұстауға мүмкіндік жоқ. Бәрібір де ол қаражат сіздің қалтаңыздан субсидия ретінде сол жаққа кетіп жатыр", - деп түсіндірді қала басшысы.
Әкімдіктің есебінше, тариф көтерілгеннен кейін бюджетке қосымша 5-6 миллиард теңге түседі. Бұл қаражат жаңа автобустарды сатып алуға жұмсалады.
Бұдан бөлек әкім автобустарда жолақыны төлемейтін тұрғындарға тоқталды.
"Биылдан бастап осы нарықта электронды билеттеу жүйесіне басқа компания кіріп жатыр. Тасымалдаудың ақысын төлемей жүрген азаматтардың саны Алматыға қарағанда Астанада сәл көбірек. Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Біздің жоспарымыз бұл мәселені осы жылдың соңына дейін 5 пайызға дейін төмендету", - дейді Жеңіс Қасымбек.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 90 теңгеден 110 теңгеге дейін көтеру ұсынылды. Тиісті қаулы жобасы қоғам талқысына шығарылды.