Бектенов Оралда қауіпті қызыл аймақта орналасқан кәсіпорынды аралап көрді

© Photo : Үкіметтің баспасөз қызметіҮкімет басшысы Батыс Қазақстан облысында ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстарын тексерді
Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысында ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстарын тексерді - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.02.2024
Жазылу
Олжас Бектенов "Жайықжылуэнерго" АҚ кәсіпорнында бас диспетчерлік бөлмені, турбина залы мен қазандықты аралады
АСТАНА, 23 ақпан – Sputnik. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Орал қаласының коммуналдық-энергетикалық секторындағы бірқатар нысанды аралап, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Олжас Бектенов алдымен1961 жылдан бері жұмыс істеп тұрған "Батыс Су Арнасы" сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорнында болды.
Орал қаласы ауыз суды негізінен Жайық өзені және жерасты көздерінен алады. Премьер-министрге 2023 жылы 6 су ұңғымасының құрылысы аяқталғаны туралы баяндалды. Сондай-ақ қазір жұмыс істеп тұрған су тазарту қондырғысының әбден тозығы жеткен.
"Олжас Бектенов өңір басшылығының назарын тұрғындар тарапынан, әсіресе жаз айларында ауыз су тапшылығына қатысты арыз-шағымдарға аударып, су тазарту жүйесін реконструкциялауға байланысты ЖСҚ әзірлеуді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Оның өндірістік қуатын тәулігіне 50 мың текше метрге дейін арттыру керек. Үкімет қажетті қолдау көрсететін болады", - делінген хабарламада.
Сумен жабдықтау желілерін (тозу – 60,5%), су бұруды (тозу – 61,3%) жаңғыртуды жеделдету, сондай-ақ кәріз-сорғы стансаларын реконструкциялау бойынша бірқатар тапсырма берілді.
Сонымен қатар премьер-министр қауіпті қызыл аймақта орналасқан "Жайықжылуэнерго" АҚ электр және жылу энергиясын өндіру кәсіпорнының қазіргі жағдайымен танысты. Кәсіпорында Олжас Бектенов бас диспетчерлік бөлмені, турбина залы мен қазандықты аралап көрді.
Бүгінгі таңда үш қазандық агрегаты (№2,4,9) мен турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды, 16,5 шақырым жылу желілері жөнделді. Сонымен қатар үш энергетикалық қазандық пен №3 турбинаны кезең-кезеңімен ауыстыру жобасын әзірлеу жұмыстары басталды.
"Республика бойынша ЖЭО тозуы 66%-ды, ал Орал қаласында 86%-ды құрап отыр. Жобалық-сметалық құжаттама қалай дайын болады, әкімдік тиісті өтінімді енгізуі тиіс. Оны қарап, кезең-кезеңімен шешеміз", — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ үкімет басшысына тауарлық газ өндірісін арттыру және өңірді газдандыру барысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
Жаңалықтар
0