Не ақша, не тауар жоқ, бірақ кредит бар – Астана тұрғыны

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуМессенджер WhatsApp
Мессенджер WhatsApp - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.02.2024
Жазылу
Мадияр Адамжан банктен тауарға деп 1 миллион 800 мың теңге алған. Желіден оны ақшаға айырбастайтын адам табады. Бірақ ол алаяқ болып шыққан
АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Қазақстанда алаяқтыққа қатысты қылмыс көбейді. Қаржы пирамидасы, онлайн саудагерлерден бөлек, нарыққа кредитке рәсімдеген затты ақшаға айырбастайтындар шықты, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Желіде "Обналичка істеймін. Пайызы төмен. Ақшасын бірден саламын" деген жазбаны көрген боларсыз. Қазір осындай жарнама өріп жүр.
Ақша айырбастау деген не? Сізге шұғыл ақша керек делік, бірақ банк несие бермейді немесе үстемақысы тым жоғары. Мұндайда әлгі айлакерлер өз қызметін ұсынады. Сіз белгілі бір фирманың өнімін кредитке рәсімдегендей боласыз, бірақ қолыңызға тауарды емес теңгені аласыз. Бір сөзбен айтқанда, екі жақтан банкті алдайсыздар. Мұндай тәсіл жұртқа жақсы таныс.
"Бір-екі рет істеп көрдім. 15 теңге бергенмін, 10 мың теңге алдым".
"Естідім, бірақ алып көрмедім. Заңсыз ғой".
Айлакерлер тегін қызмет көрсетпесі анық. Әр ақшадан процент ұстайды. Сұраныс жоғары болған сайын пайызы өседі. Мәселен астаналық Мадияр Адамжан банктен тауарға деп 1 миллион 800 мың теңге алған. Желіден оны ақшаға айырбастайтын адам табады. Ол 600 мың теңгені қызмет құны ретінде алып қалатынын айтқан. Хош деп келіскенімен, әлгі алаяқ ақшаны бермей алдап кеткен.
"База істемей жатыр деп 3-4 күнге созады. Сосын ол кісі хабарсыз кетеді. Бірінші рет сондай жағдай болып тұрғаннан кейін тик-токқа видео салдым. Тик-тоқта жақсы қаралам жинады. Сол кісіге алданып қалған 12-14 адамдай жазды", - дейді Мадияр Адамжан.
Қазақстандағы әрбір банктің өз тұтынушысына берер жеңілдігі бар. Жылдың кез келген уақытында бөліп төлеуді рәсімдеу қолжетімді. Мұндайда делдалдар көбейеді. Былтыр үлкен шу болғаны есте. Нағыз бөліп төлеудің қайнап тұрған шағы. Жылына 2-3 рет келетін жұмадағы жеңілдікке бәрі тегін ақша таратып жатқандай жармасты. Олардың тең жартысы тауарын ақшаға айырбастауды көздеген. Соңында база жұмыс істемей, "обналичкаға" кеткен жұрттың ақшасы қайтпай қалды.
Адвокат Жандос Тұяқовтың айтуынша, адам біле тұра жалған мәміле жасайтын болса, сот ол адамның құқығын қорғаудан бас тартуы мүмкін.
Заңсыз әрекетке қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алаяқтың айласы анықталса 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Kaspi Red-тен ақша алуға болмайды. Kaspi Red тек Kaspi.kz-тің серіктестерінен немесе Kaspi.kz-тегі магазиннен зат сатып алуға арналған.
Әзірге айлакерлерді ұстау қиын. Өйткені олар заңсыз әрекеті әшкере болмауы үшін түрлі тәсілді пайдаланады. Әркімнің жеке кәсіпкерлік құжатын жалға алып, қолданады. Алда тағы "жеңілдігі бар жұма" келе жатыр. Заңгерлер заңға қайшы әрекеттен аулақ болуға шақырады.
Жаңалықтар
0