"Әкімдік кескен ағаш құлаған": Алматы облысында екі мүгедек төбесі тесік үйде тұрып жатыр

© Айдана ДайыроваАлматы облысы Ұзынағаш ауылы
Алматы облысы Ұзынағаш ауылы - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.02.2024
Жазылу
Ұзынағаш ауылында тұратын анасы мен қызы аурухана мен әкімдікке өкпелі
АЛМАТЫ, 20 ақпан – Sputnik. Алматы облысы Жамбыл ауданында мүмкіндігі шектеулі анасы мен қызы әкімдік пен аурухананың есігін бірнеше жылдан бері тоздырып жүр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұзынағаш ауылының тұрғыны Гауһар Мендешева екі жылдан бері қан рагымен ауырады, жақында химия терапиядан өткен. Жасы елудегі жалғызбасты ананың бір бүйрегі істен шыққан көрінеді. Айтуынша, көз жанары да нашар көреді, онымен қоса аллергиядан ісініп, тынысы тарылып ауа жетпейтін күндері де көп.
ГауҺардың жалғыз қызы да мүмкіндігі шектеулі жан. Жақында 18 жасқа толатын бойжеткен қант диабетінің ауыр формасымен ауырады.
"Миы зақымданған, аутизмнің ауыр формасына шалдыққан. Дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясы дұрыс өткізілмегендіктен 2 жылдың памперсін ала алмадық. Қаншама рет бардым өтініп, психиатр "программа өшіріп тастайды, енгізе алмаймын" деп айтты. Енді мамандар бізді өзі бас тартты деп шығарып отыр", - дейді әйел.
ГауҺар қызын жалғыз тастап кете алмайтынын, сол себепті жұмыссыз екенін айтады. Күйеуімен 12 жыл бұрын ажырасқан. Әйелдің айтуынша, күйеуі мүгедек баласынан түбегейлі бас тартқан. Соңғы 9 жыл бойы тіпті қызы мен әйелі жаққа ат ізін де салмапты. Ол мешіт жанын жағалап, алақан жайып та көрген. Бірақ ұлты бөлек бір адам Гауһарды соққыға жыққан. Айтуынша, бұл аумақ сол адамның қайыр сұрайтын "жері" екен.
Мүмкіндігі шектеулі әйелдің әкімдікке де өкпесі қара қазандай.
"Осыдан жеті жыл бұрын әкімдік көшедегі ағаштарды кесті. Сонда сол кескен ағаш үйімнің шатырына келіп құлап, төбесін қиратып кетті. Жөндеп беріңдер деп қанша айтсам да тыңдамады. Айына жалпы бір Ақботаның еміне 300 мың кетеді. Ал әкесі ай сайын 100 мың алимент береді, оның өзінде әрең аламыз. Әртүрлі кісілер көмектеседі. Арасында үйде отырып сауда жасаймын", - дейді Гауһар Мендешева.
© Айдана ДайыроваАлматы облысы Ұзынағаш ауылы
Алматы облысы Ұзынағаш ауылы - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.02.2024
Алматы облысы Ұзынағаш ауылы
Мүмкіндігі шектеулі жасөспірімнің жағдайына қатысты Ұзынағаш ауылдық ауруханасының айтар өз уәжі бар.
"Ақбота Зарлық аутизм диагнозымен былтыр 16 мартта онлайн режимде тексеруден өткен. Памперстің берілмеу себебі анасы стационарлық емнен бас тартқан. Негізі анасы стационарлық ем туралы естігісі де келмейді. Одан түбегейлі түрде бас тартады. Ал памперсті алу үшін міндетті түрде стационарлық емнен өтуі керек. Біз анасымен тағы да келіссөз жасаймыз, ол кісіге қызын емдеуге жатқызу туралы айтып тағы түсіндіреміз. Жеке өз бақылауымда болады", - дейді Ұзынағаш ауылдық ауруханасының бас дәрігері Дамир Сұраужанов.
Әкімдік те мүмкіндігі шектеулі әйел мен қызды көмексіз қалдырмағанын айтып ақталды.
© Айдана ДайыроваАлматы облысы Ұзынағаш ауылы
Алматы облысы Ұзынағаш ауылы - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.02.2024
Алматы облысы Ұзынағаш ауылы
"Гаухар Меңдешева деген тұрғын әкімдікке бірнеше рет келді. Сол ағаш құлаған жерін жасап, жөндеп бергенбіз. Бірақ сол кезде акт толтырылмаған. Бірақ ол кісі бүкіл үйдің шатырын ауыстырып бер деп отыр. Оған ауылдық әкімдікте қаражат та, толық шатырды ауыстыратын негіз де жоқ", - дейді Ұзынағаш ауылының әкімдігі.
Жаңалықтар
0