Еңбек шарты болмаса, жалақыны қалай алуға болады
© Sputnik / Болат ШайхиновАрхивное фото депутата во время обсуждения законопроекта на пленарном заседании мажилиса
© Sputnik / Болат Шайхинов
Жазылу
Еңбек шарты жазбаша түрде және кем дегенде екі данада жасалады
АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Қазақстанда бейресми жұмыс істейтін адамдар аз емес. Ондайда еңбек шарты жасалмайды, ал жалақы көп жағдайда "конвертпен" беріледі. Ол ақшадан салық та, зейнетақы мен сақтандыру жарналары да төленбейді. Бейресми жұмысшы әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған. Жұмыс беруші жалақыны кешіктіріп беруі мүмкін. Жұмысшылардың ақысын алмай кететін кездер де болады. Себебі ресми еңбек шарты жоқ. Sputnik Қазақстан осы мәселеге қатысты заңның негізгі нормаларын ұсынады.
Еңбек кодексінің талаптары
Қазақстанда жұмысшылардың құқықтарын қорғайтын Еңбек кодексі бар. Осы құжаттың 22-бабында жұмыс берушінің нақты міндеттері көрсетілген. Олар:
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының, өзі шығарған актілердің талаптарын сақтау;
жұмысқа қабылдау кезінде жұмыскерлермен еңбек шарттарын жасасу;
жұмыскерге еңбек шартында келісілген жұмысты ұсыну;
жұмыскерге ұжымдық шарттарда көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақытылы және толық мөлшерде төлеу;
жұмыскерлерге еңбек заңнамасына, еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек жағдайларын жасау.
Еңбек шарты жазбаша түрде және кем дегенде екі данада жасалады. Біреуін жұмысшы алса, екіншісі жұмыс берушіде қалады. Еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жұмысшы өз қызметіне кірісе алады.
Еңбек шарты болмаса, кімдер жауапқа тартылады
Еңбек шартының болмауына немесе тиісті түрде ресімделмегеніне жұмыс беруші кінәлі болса, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады. Ондай жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.
Жұмыс берушінің қызметкермен еңбек шартын рәсімдемей, жұмысқа жібергені үшін айыппұл салынады.
лауазымды тұлғаларға – 30 АЕК (110 760 теңге);
шағын бизнес мен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (221 520 теңге);
орта бизнеске – 80 АЕК (295 360 теңге);
ірі кәсіпкерлік нысандарға – 150 АЕК (553 800 теңге).
Ал жалақы келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі шарт. Осы талапты бұзғаны үшін де айыппұл қарастырылған. Оның көлемі еңбек шартын рәсімдемей, жұмысқа жібергені үшін төленетін айыппұлмен бірдей. Бірақ орта бизнеске сәл көбірек шығын шығаруға тура келеді. Айыппұлды көлемі – 100 АЕК (369 200 теңге).
Бұдан бөлек, заң бойынша еңбек шарты жұмыс берушінің кінәсінен жарамсыз деп танылса, бұрынғы жұмыскер еңбегіне ақы алу, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемін, өзге де төлемдер мен жеңілдіктер алу құқығынан айырылмайды. Сол сияқты еңбек шартының жекелеген талаптарының жарамсыз деп танылуы еңбек шартының тұтастай жарамсыздығына әкеп соқпайды.
Еңбек шартын неше жастан рәсімдеуге болады
Еңбек кодексіне сәйкес, 16 жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға рұқсат бар. Бірақ одан да жас балалар еңбек шартына отыра алады.
орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен;
оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;
кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шартына отыруға болады.
Бірақ еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюы тиіс.
Еңбек шартының мазмұны
Еңбек шартында екі жақты жеке мәліметтері міндетті түрде жазылады. Соның ішінде аты-жөні, мекенжайы, жеке сәйкестендiру нөмiрi бар. Бұдан бөлек, міндетті түрде көрсетілетін мәліметтер бар. Олар:
белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы,
жұмыстың орындалатын орны (қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс орны көрсетілмейді);
еңбек шартының мерзімі;
жұмыстың басталу күні;
жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
еңбекақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары.
Ал жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер де жазылады.
Мүгедектігі бар адаммен жасалатын еңбек шартында жұмыс орнын оның жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықтау жөніндегі талаптар қамтылуы тиіс. Тараптар еңбек шартына заңға қайшы келмейтін өзге де талаптарды енгізе алады.
Айта кетері, жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда жергілікті жерде еңбек инспекциясына шағым түсіруге болады.