Қатарға ет, көкөніс, астықты тікелей тасымалдауға мүдделіміз – Тоқаев

© Sputnik / Болат ШайхиновЖылыжай
Жылыжай - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.02.2024
Жазылу
Hassad Food компаниясы елімізде бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салуға қызығушылық танытып отыр
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Қазақстан ет, жеміс-жидек, көкөніс, астық, ұн және басқа да өнімдерді Қатар еліне тікелей тасымалдау ісін жолға қоюға мүдделі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне айтты, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Қазақстан территориясы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын әрі жерінің 70 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды ел ретінде Орталық Азиядағы астықты өлке саналатынын атап өтті.
"Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 80-нен астам мемлекетке экспортталады. Аталған саладағы өнімділікті үш есе арттыру арқылы экспортты екі есе ұлғайтуды көздеп отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстан Қатар нарығына халал және табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алады.
"Hassad Food компаниясы елімізде бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салуға қызығушылық танытып отырғанын білемін. Біз бұл бастаманы қолдауға әзірміз. Сондай-ақ ет, жеміс-жидек, көкөніс, астық, ұн және басқа да өнімдер өндірісін дамытуға әрі оларды алдағы уақытта Қатар еліне тікелей тасымалдау ісін жолға қоюға мүдделіміз, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, цифрландыру секторы – екі елдің күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі. Қазақстан мен Қатар жетекші технологиялық орталыққа айналуға ұмтылады.
"БҰҰ Қазақстанды цифрлық технологияларды бейімдеу бойынша үздік отыз елдің қатарына қосты. Соңғы үш жыл ішінде IT саласындағы экспорт 16 есе ұлғайып, шамамен 500 миллион долларды құрады. Бәсекеге қабілетімізді арттыру үшін суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарын құра отырып, жасанды интеллектінің жаңа технологияларын әзірлеуге кірістік. Көршілес елдермен бірге Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін жүргізуді және Шығанақ елдерімен оптикалық байланыс желісін кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруды көздеп отырмыз. Power International Holding компаниясының Қазақстандағы телекоммуникация нарығында негізгі ойыншылардың біріне айналу жоспарын құптаймыз", – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті медицина, фармацевтика және биотехнология салаларындағы байланыстарды екі ел ықпалдастығының тағы бір маңызды бағыты ретінде атап өтті.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы Қатардың Орталық банкімен, Қатар қаржы орталығымен және Қатар қор биржасымен берік іскерлік байланыс орнатқанын еске салды. Оның пікірінше, АХҚО-да Қазақстан-Қатар тікелей инвестициялар қоры құрылса, ол бірлескен кәсіпорындарды қаржыландыратын алаң болар еді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қатар бизнесмендерін биыл маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қатар іскер топтарының арасында бірқатар құжатқа қол қойылды.
Жаңалықтар
0