Құрылыс кодексінің негізгі жаңалықтары қандай – құжат жобасы таныстырылды
© Sputnik / Владислав Воднев "Территория комфорта" ТК сүрілді
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Мәжілісте құрылыс кодексінің жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кодекстің негізгі жаңалықтары
Кодекс жобасына сәйкес, құрылыс саласында мемлекеттік бақылауды күшейту жоспарланып отыр. Ол үшін жаңа әдіс-тәсілдер енгізіледі. Олар:
мамандарды сертификаттаудан өткізіп, бірыңғай цифрлық тізілім жүргізу;
шұғыл әрекет жасау шарасын енгізу;
"жоспарлы инспекциялау" механизмін әзірлеу;
берілген рұқсаттарға ревизия жасау.
Ал e-Qurylys ақпараттық жүйесінің алаңында құрылыс нысанын салудың барлық кезеңі бақыланады. Соның ішінде сапаны бақылау, техникалық қадағалау және авторлық сүйемелдеу есептері, әдістер актілері және нақты орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу және тағы басқа шаралар бар.
Дәл осы алаңда құрылыс саласының мамандарын сертификаттау және цифрлық тізілім автоматты түрде жүргізіледі. Сертификаттауды жүргізу функциясы бәсекелестік ортаға беріледі.
Шұғыл әрекет жасау шарасы қалай атқарылады
Шұғыл әрекет жасау шарасы анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жедел шара қолдануға мүмкіндік береді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары құқық бұзушылықтар жойылғанға дейін құрылысты тоқтата алады.
Бұл шара ақпараттық жүйелер мониторинг жасаудың нәтижесі бойынша да қолданылады. Құрылыс алаңына барудың қажеті жоқ.
"Жалпы, бұл механизм құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді және құрылыс компанияларына сапалы бақылауды қамтамасыз етеді деп есептейміз", - дейді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин.
Жоспарлы инспекциялау
"Жоспарлы инспекциялау" механизмі бойынша құрылысқа тапсырыс беруші құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламамен бірге өзі жасаған кестені ұсынады. Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының инспекторлары құрылыс жұмыстары аяқталғанша сол кестеге сәйкес тексеру шараларын атқарып отырады.
Ал инспекциялау жоспары болмаса, инспекторлар құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын тексергеннен кейін ғана өз қорытындысын береді.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және төтенше жағдайлар органдарының құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдауға да қатысады.
Рұқсатттарға ревизия қалай жасалады
Кодекс бойынша лицензиаттардың бірыңғай цифрлық тізілімі енгізіледі. Осының арқасында барлық рұқсаттың біліктілік талаптарына сәйкестігіне ревизия жасауға болады.
Тізілімде нақты субъект, оның тәжірибесі, біліктілігі, материалдық ресурстары, салалық сарапшылардың бар-жоғы және тағы басқа мәліметтер болады. Осы шаралар құрылыс нарығында әділ бәсекелестікті қамтамасыз етіп, сарапшылардың құзыретін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, сейсмикалық оқшаулағыш жүйелерді қолдану, сейсмикалық қауіптілікті алдын ала бағалауды жүргізу, құрылыс үшін алаңды таңдау, сынақтар жүргізу және тағы басқа талаптар енгізіледі.
Реттеудің жаңа формалары
Кодекс жобасында реттеудің жаңа формалары да көрсетілген. Олар:
қоғамдық бақылау – жаңа қала құрылысы жобаларын әзірлеу кезінде халықтың пікірін ескеруге мүмкіндік беру (бас жоспарлар және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары);
ерекше реттеу – бұл ерекше қорғалатын аумақтардағы, таулы аудандардағы, су объектілеріндегі және т. б. құрылыстың ерекшеліктері;
аумақтарды кешенді дамыту – адам өміріне қолайлы жағдай жасау үшін аумақтарды салуды сапалы жоспарлау;
құрылыс объектілерін пайдалану – пайдалануға берілген құрылыс объектілерін пайдалану тәжірибесін регламенттеу және енгізу мақсатында пайдаланылады.