Владимир Путиннің америкалық журналистке берген сұхбатының толық видеосы жарияланды
16:13 09.02.2024 (жаңартылды: 16:14 09.02.2024)
© RIA Novosti POOL
/ Жазылу
Ол Русь империясының құрылуынан бастап, Кеңес Одағының ыдырауы және Украинаның тәуелсіздік алуына дейін тоқталды
АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин америкалық журналист Такер Карлсонмен сұхбаты екі сағаттан астам уақытқа созылды. Владимир Путин Украина және "Солтүстік ағын" газ құбыры төңірегіндегі жағдай, Батыс пен Ресей арасындағы қарым-қатынас неліктен бұлай өрбігені туралы көптеген сұраққа жауап берді.
Владимир Путин Такер Карлсонмен сұхбатын бірнеше минутқа созылған тарихи деректермен бастады. Ол Русь империясының құрылуынан бастап, Кеңес Одағының ыдырауы және Украинаның тәуелсіздік алуына дейін тоқталды.
"Америкалық азамат ретінде сіз және сіздің аудиторияңыз да мұны естігенін қалаймын: Ресейдің бұрынғы басшылығы Кеңес Одағының тіршілігін тоқтатты, бұдан былай идеологиялық бөлінушілік жоқ деп есептеді. Ресей тіпті Кеңес Одағының ыдырауына өз еркімен және белсенді түрде келісті және мұны Батыс ынтымақтастық пен одақтастық туралы ұсыныс ретінде түсінеді деп күтті", - деді Ресей президенті.
Путин сол кездегі түрлі ақылды саясаткерлер де жаңа одақтастық құрылып, әлем қауіпсіздігіне бірлесіп жауап беру қажеттілігі туралы мәлімдегенін айтты.
"Мысалы, Германиядағы Социал-демократиялық партияның ірі саяси қайраткері Эгон Бар Кеңес Одағы ыдырағанға дейін кеңес басшылығымен жеке сөйлесуді талап етіп, Еуропада жаңа қауіпсіздік жүйесін құру қажет екенін айтты. Ол Германияның бірігуіне көмектесу керектігі, бірақ АҚШ, Канада, Ресей және Орталық Еуропаның басқа елдерін қамтитын жаңа жүйе құру қажеттігін айтты, бірақ НАТО-ның кеңеюіне қарсы болды, егер НАТО кеңейсе, бәрі қырғи-қабақ соғыс кезіндегідей болатынын ескертті. Оны ешкім тыңдамады", - деді Владимир Путин.
Америкалық журналист Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейге дейін шиеленісуіне не себеп болғанын сұрады. Бұл орайда Владимир Путин Ресей барлық кезде ынтымақтастыққа ұмтылғанын, тіпті сол кезде АҚШ президенті болған Билл Клинтонға Ресейдің НАТО-ға кіру ықтималдылығы туралы сұрақ қойғанын еске салды.
Путиннің айтуынша, Ресей тіпті АҚШ, Еуропа және Ресей зымыран шабуылына қарсы бірлескен қорғаныс жүйесін құруды ұсынған. Алайда америкалық шенеуніктер ұзақ талқылаудан кейін бұл ұсынысқа келісетінін, бірақ нақты талаптары бар екенін мәлімдеген. Сондықтан Ресей өзінің зымыран шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін және мұндай жүйелерді еңсере алатын соққы құралдарын әзірлеуге белсене кіріскен.
"Енді НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне қатысты айтсам, олар шығыста НАТО болмайды деп уәде берді. Ал әрі қарай не болады? Кейіннен бұл уәде құжат түрінде жоқ, сондықтан оны кеңейтеміз дегенді айтты. Бес рет кеңейтілді, соның ішінде Балтық елдері, бүкіл Шығыс Еуропа және тағы басқасы бар", - деп Путин НАТО-ның шығысқа қарай етек жаюына қатысты пікір білдірді.
Путин АҚШ-тың Украинадағы мемлекеттік төңкеріске себепші болуы техникалық тұрғыдан дұрыс орындалғанымен, саяси тұрғыдан бұл үлкен қателік екенін атап өтті.
"Осылайша, 2008 жылы Украинаның НАТО-ға есіктері ашылды. 2014 жылы олар мемлекеттік төңкеріс жасады, ал бұл төңкеріс дегенді мойындамағандар қуғынға ұшырап, Қырымға қауіп төндіре бастады. Сондықтан біз Қырымды өз қанатымыздың астына алдық. 2014 жылы Донбаста бейбіт тұрғындарға қарсы авиация мен артиллерия қолданып соғыс бастады. Бәрі осыдан басталды. Бұл осы аумақты әскери игеру және НАТО-ға есіктердің ашылуы аясында орындалды. Қалайша біз осы жағдайға алаңдамаймыз? Біздің тарапымыздан бұл қылмыстық немқұрайлылық болар еді. АҚШ-тың саяси билігі бізді одан әрі өте алмайтын сызыққа жеткізді. Ол сызықтан ары аттау Ресейдің өзін жоюын білдірер еді. Оның үстіне, біз орыс халқының бір бөлігін бұл жағдайда жалғыз қалдыра алмадық", - деп жауап берді Ресей президенті.
Такер Карлсонның Ресей арнайы әскери операция бастауына не себеп болғаны туралы сұраққа Владимир Путин барлығы Украинадағы мемлекеттік төңкерістен бастау алады деп жауап берді.
"Бастапқыда қақтығыс Украинадағы төңкерістен туындаған. Сол кезде Еуропаның үш елінің – Германия, Польша және Франция өкілдері келіп, Янукович үкіметі мен оппозиция арасында қол қойылған келісімнің кепілі болды. Осы еуропалық саясаткерлердің барлығы кепілгер ретінде қол қойды. Осыған қарамастан, оппозиция мемлекеттік төңкеріс жасады және бұл елдердің барлығы бейбіт келісімнің кепілі екені естерінде жоқ сияқты кейіп танытты. Анығында төңкеріс жасаудың еш мәні болмады. Мемлекеттік төңкеріс, құрбандар не үшін қажет болды? Қырымға қауіп төндірудің не қажеті болды? Донбастағы операцияны не үшін бастады? Мен осыны түсінбеймін. Бұл мәселеде қателесті. Тіпті Мемлекеттік хатшы орынбасарларының бірі осы мақсатқа бес миллиард долларға жуық қаражат жұмсалғанын айтты. Мұның барлығын заңды түрде жасауға болар еді. Сонда Майданда қантөгіс болмайтын еді және біз осы қадамдарға бармас едік", - деді Владимир Путин.
Ол Ресей Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін барлығы одақ мемлекеттерінің шекарасы шеңберінде болатынына келіскенін айтты. Алайда НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне, Украинаның әскери блокқа мүше болуына және ол елде НАТО-ның әскери базалары орналасуына келіспегенін және ондаған жыл бойы АҚШ-тан мұндай қадам жасамауын сұрап келгенін мәлімдеді.
"Соңғы оқиғаларға не себеп болды? Біріншіден, Украинаның бүгінгі басшылығы 2014 жылы Донбаста бейбіт реттеу жоспары көрсетілген Минскідегі оқиғадан кейін қол қойылған Минск келісімдерін орындамайтынын мәлімдеді. Олар бұл Минск келісімдеріндегі талаптарды ұнатпайтындарын айтты. Басқаша айтқанда, олар талаптарды орындағысы келмеді", - деді Владимир Путин.
Журналист Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз ету жалғаса беретін болса, Ресей әрекетке көшеді деп айтқаныңыз рас па деген сұрақ қойылды.
"Біз бұл туралы үнемі айттық. Біз АҚШ пен Еуропа елдерінің басшылығына бұл процесті дереу тоқтатуды және Минск келісімдерінің орындалуын қамтамасыз етуді сұрадық. Шынымды айтсам, мен мұны қалай істейтінімізді білмедім, бірақ мен мұны орындауға дайын едім. Ол талаптар Украина үшін расымен күрделі, Донбасс үшін тәуелсіздіктің көптеген элементі қарастырылған, бұл рас. Бірақ мен бұл мүмкін екеніне толық сенімді болдым. Украина ешқандай келісімді орындамаймыз деп жариялаған кезде осы жағдай басталды. Біз әскери қимылдарға дайындала бастадық. Соғысты 2014 жылы солар бастады. Біздің мақсатымыз сол соғысты тоқтату болды. Біз оны 2022 жылы бастаған жоқпыз, бұл оны тоқтату әрекеті", - деп Владимир Путин Ресейдің Украинадағы қақтығыстың себебін түсіндірді.
Ресей президенті арнайы әскери операция мақсатына әлі қол жеткен жоқ, өйткені мақсаттың бірі – денацификациялау екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл барлық неонацистік қозғалысқа тыйым салуды білдіреді.
"Сіз Гитлердің жоқ болғанына 80 жылдан асты дейсіз. Бірақ оның ісі жалғасуда. Еврейлерді, орыстарды, поляктарды жойған адамдар тірі. Ал Украинаның қазіргі президенті Канада парламентінде солардың біріне қол соғып, қошемет көрсетіп жатыр! Біз бүгінде осы жағдайды көріп отырсақ, онда қалай бұл идеологияны түп-тамырымен жойдық деп айта аламыз? Біздің түсінігімізде денацификациялау деген осы. Біз осы теория мен практиканы қолдап, оны сақтауға тырысатын адамдардан құтылуымыз керек – денацификациялау деген осы", - деп түсіндірді Путин.
Сұхбат барысында Украинадағы жағдайды реттеу бойынша бейбіт келісімдердің неге жүргізілмей жатқанына қатысты сұрақ қойылды. Владимир Путин мұндай келіссөз болғанын, алайда екінші тарап белгісіз себептермен келіссөз жүргізуді жалғастырудан бас тартқанын айтты.
"Ондай келіссөздер болды және күрделі процестің талаптарын келісудің өте жоғары сатысына жетті, бірақ бәрібір аяқталуға жақын қалған еді. Алайда біз Киевтен әскерді шығарғаннан кейін екінші тарап, Украина, бұл келісімдердің барлығынан бас тартып, Батыс елдерінің – Еуропаның, АҚШ-тың Ресеймен ақырына дейін соғысу туралы нұсқауларын ескерді. Содан кейін Украина президенті Ресеймен келіссөз жүргізуге заңды түрде тыйым салды. Ол Ресеймен келіссөз жүргізуге тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Бірақ бір нәрсеге келісу үшін диалог жүргізу керек емес пе?", - деді Владимир Путин.
Ресей президенті Украинадағы қақтығыс аяқталуы үшін АҚШ қандай шешім қабылдауы керек екенін де айтты.
"Мен бұл туралы өз ұстанымдарыз бен талаптарымызды тағы қайталаймын: егер АҚШ шынымен соғыс қимылдарын тоқтатқысы келсе, қару-жарақ жеткізуді тоқтатуы керек. Сонда барлығы бірнеше аптаның ішінде аяқталады, бар болғаны сол. Содан кейін қандай да бір талаптар туралы келісуге болады", - деді Владимир Путин.
Ресей президенті "Солтүстік ағын" газ құбырларының жарылуының артында АҚШ тұр деп жауап берді. Бұған Ресейдің қолында бұлтартпас дәлелдер болғанымен, өзінің ақпарат көздерін жария етпес үшін бұл туралы деректерді бөліспейтінін мәлімдеді.
Сонымен қатар ол осы жағдайдың барлығын біліп отырған Германияның әрекетсіздік танытуына таңғалатынын жасырмады. Ресей президентінің пікірінше, бүгінгі Германия басшылығы ұлттық мүдделерді емес, ұжымдық Батыстың мүдделерін басшылыққа алуда.
Ресей президенті америкалық доллардың болашағына қатысты сұрақтарға да жауап беріп, АҚШ билігінің тағы бір қателігін атады.
"Бұл АҚШ-тың әлемдегі билігін сақтаудағы басты қаруы. Саяси билік долларды саяси құрал ретінде пайдалануға шешім қабылдағаннан кейін, олар осы америкалық күшке залал келтірді. Менің ойымша, бұл ақымақтық және үлкен қателік. Әлемде не болып жатқанын қараңыз. Тіпті АҚШ одақтастарының арасында да қазір доллар қоры азайып барады. Барлығы қазіргі жағдайға қарап, өзін қорғаудың жолдарын іздей бастайды. АҚШ кейбір елдерге қатысты төлемдерді шектеу, активтерге тыйым салу және тағы басқа шектеу шараларын қолданса, онда бұл бүкіл әлем үшін үлкен қауіптің белгісі", - деді Путин.
Америкалық журналистпен сұхбат барысында Ресей президенті БРИКС, жасанды интеллект, қамауда отырған америкалық журналист Эван Гершкович, христиан мен православиелік дін, Зеленскийдің Ресеймен келіссөз жүргізудегі еркіндігі туралы түрлі сұрақтарға жауап берді. Бас-аяғы екі сағаттан астам уақытқа созылған сұхбатты видеодан толық тыңдауға болады.