"Ұлымды өлтіріп аламын деп қорықтым": боранды күні жоғалған әйел мен бала табылды

© Photo : Ақтоғай аудандық төтенше жағдайлар бөліміБоранды күні жоғалған әйел мен бала табылды
Боранды күні жоғалған әйел мен бала табылды  - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.02.2024
Жазылу
Іздестіру тобы жоғалғандарды Айыртас ауылынан 6 шақырым жерден тапқан
АЛМАТЫ, 8 ақпан – Sputnik. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында ана мен бала 16 сағат бойы боранда айдаланы кезіп жүрген. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісіне аман-есен үйіне оралған Құралай Ыдырысованың өзі айтып берді.
Әйел 7 жастағы баласын ертіп Балқашқа бармақ болған. Одан бұрын ауыл ішінде 3-4 күн көлік іздеген. Көлік таппаған соң жолай кездесетін көлік болар деген үмітпен жолға шыққан. Бірақ үйден біраз ұзағанда бірден қарлы боран басталып, қайтар жолдан адасып қалған.
"Күн ашық болды. Жылдам барып қайтамыз деп ойладық. Өзіміз Айыртаста тұрамыз. 16 сағат бойы далада отырдық. Айыртас пен Балқаштың ортасы шамамен 300 шақырымдай. Сол жақта анам мен бауырым тұрады. Соларға кеткім келді, жолдасым қайтыс болған", - дейді 16 сағат боранда далада қалған ана Құралай Ыдырысова.
Құралайдың айтуынша, түні бойы бір орыннан қозғалмай отыра берген.
"Түнде далада отырдық, қорықтық. Көзіміз ілініп кеткен кездер болды. Өзімізбен қоса тамақ алып шыққанбыз. Соны жеп жан сақтадық. Көмек сұрайын десем ұялы телефон байланысы болмады. Баламды өлтіріп аламын ба деп қатты қорықтым", - дейді Құралай Ыдырысова.
Құралайдың жасы – 30-да, жеті жасар Әбужан оның жалғыз ұлы.
Әйел мен баланың жоғалғанын айтып, бірінші болып құтқарушыларға ауылдастары хабарласқан.
"Ауылдастарының айтуынша, күндізгі екінің кезінде әйел баласын ертіп, ауылдан шығып бара жатқанын көрген. Содан түн ішінде үйінің жарығы болмаған. Біз дереу жолға шықтық. Ақтоғай ауданының төтненше және өрт сөндіру бөлімінен 5 адам, бір техника, ауылдастары шықты, әкімшіліктен екі техника шықты. Медбике және учаскелік полиция инспекторы да болды, бәріміз іздеуді жалғастыра бердік", - дейді Ақтоғай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Елдос Оңғарқұлов.
Іздестіру тобы жоғалғандарды Айыртас ауылынан 6 шақырым жерден тапқан.
"Дәрігерлер боранда қалған екі науқас туралы сағат 11-де естіді. Құтқарушылар оларды сағат 17:40 шамасында әкелді. Екеуінің жағдайы қанағаттанарлық. Хирургиялық жедел ем қажет болмады. Өйткені үсік шалмаған. Медициналық сараптама нәтижесі анасының бүйрегі ауыратынын анықтады. Қазір терапиялық бөлімге жатқыздық. Біраз уақыт емделеді. 16 сағат далада жүріп, аман қалу бұл – таңғаларлық жағдай", - дейді Ақтоғай аудандық ауруханасының директоры Батыржан Шажалиев.
Оның айтуынша, жыл сайын ауруханаға қыс кезінде далада адасып кеткен кем дегенде 5-6 адам түседіі. Былтыр аязда үсіп қалған екі адамның аяқ-қолына ампутация жасалған.
Айта кетері, Ақтоғай ауданында қыс басталғалы төрт рет адам іздеу жұмыстары жүргізіліп, 10 адам құтқарылған.
Жаңалықтар
0