Үкімет биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмысын аяқтауға тиіс – президент

© PhotoҮкіметтің кеңейтілген отырысы
Үкіметтің кеңейтілген отырысы - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.02.2024
Жазылу
Елімізде жыл сайын коммуналдық проблемалар қайталана береді
АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған үкімет басшысына апатты жағдайда тұрған жылу орталықтарының мәселесін биыл шешуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, елімізде жыл сайын коммуналдық проблемалар қайталана береді. Ал мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмайды. Соның кесірінен осы сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр.
"Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кетті. Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асты (2012 жылдан бері). Сондай-ақ Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақтылы жүзеге асырылмай жатыр", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Осы орайда мемлекет басшысы үкіметтің биылғы негізгі міндетін атады. Ол – жылдың соңына дейін апатты жағдайда тұрған жылу орталықтарының мәселесін шешу.
"Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды", - деп түйіндеді Тоқаев.
Жаңалықтар
0