Президент әкімшілігіне жаңа басшы тағайындалды

© Sputnik / Санат ИмангалиевВиды резиденции президента Казахстана - Акорды
Виды резиденции президента Казахстана - Акорды - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.02.2024
Жазылу
Бұл лауазымға Айбек Дәдебаев тағайындалды
АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент әкімшілігінің басшысын тағайындады, деп хабарлайды Ақорда.
Бұл лауазымға Айбек Дәдебаев тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды. Дәдебаев бұған дейін президент іс басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін президент әкімшілігін Олжас Бектенов басқарды. Ол бүгін премьер-министр болып тағайындалды.

Айбек Дәдебаев туралы не білеміз

Айбек Дәдебаев 1980 жылы 1 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген.
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған.
ІІ класты кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар.
2011-2013 жылдары — Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің үшінші хатшысы, атташе, Женева. 2013-2019 жылдары — Қазақстан Республикасы парламенті сенаты төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі. 2019-2021 жылдары — Қазақстан Республикасы президенті кеңсесі бастығының орынбасары.
2022 жылдың 11 қантарынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы болды.
Сондай-ақ мемлекет басшысының жарлығымен Ғалымжан Қойшыбаев премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Еске сала кетейік, 6 ақпанда Антикордың бұрынғы басшысы Олжас Бектенов Әлихан Смайыловтың орнына премьер-министр болды. Бектеновтің кандидатурасын Amanat партиясы ұсынды. Президент бұл таңдауды құптады, сөйтіп депутаттардың келісімін алу үшін Бектеновтің кандидатурасын мәжілістің қарауына енгізді. Төменгі палатаның 69 депутаты қолдап дауыс берсе, жетеуі қалыс қалды.
Жаңалықтар
0