Қоғам

"Бэби-бумның" салдары: сарапшылар еңбек нарығына қысым күшейетінін ескертті

© Photo : Shutterstock/FotodomАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.02.2024
Жазылу
Мықты жастардың шетел асуы, мемлекеттік кәсіпорындардың көптігі, гендерлік теңсіздік – еңбек нарығындағы проблемалар мұнымен шектелмейді
АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Қазақстанның еңбек нарығында қазір қандай проблемалар бар? Екі мыңыншы жылдардағы "бэби-бум" жастар арасындағы жұмыссыздыққа қалай әсер етеді? Келешекте республикада қандай мамандықтарға сұраныс артады? Sputnik тілшісі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайтын Еңбек ресурстарын дамыту орталығының cарапшыларымен тілдесті.

Еңбек нарығының қазіргі жай-күйі

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ стратегия басқармасының бас сарапшысы Мадияр Алдияровтың айтуынша, жұмыссыздық еңбек нарығының негізгі проблемасы болып қала береді.
"Сарапшылардың сөзіне сенсек, жұмыссыздықтың қазіргі бағасы нарықтағы шынайы жағдайды көрсетпейді. Еңбек нарығында жұмысшылардың басым бөлігі өнімділігі төмен салаларда шоғырланған. Яғни ресми статистикаға жүгінсек, жұмыспен қамтылған халықтың 60 пайызға жуығы еңбек өнімділігі орташа республикалық мәннен төмен салаларда істейді", - дейді Алдияров Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, бұл экономиканы әртараптандыру деңгейінің төмендігі.
Сарапшының айтуынша, еңбек нарығында көптеген салаға мемлекет қолдау көрсетеді. Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 40%-ін квазимемлекеттік сектор қамтамасыз етіп отыр. Мемлекеттің үлесі бар 25 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
"Мұндай тенденция нарық механизмін бұзады. Еңбек нарығымыз көп жағдайда нарықтық механизмдер бойынша жұмыс істемейді. Мемлекеттің еңбек нарығына көп араласуы нарықтық стимулдарды азайтады, ал бұл либералды экономикаға қайшы", - деп түсіндірді Алдияров.
Солтүстікте еңбек күші тапшы
Еңбек нарығындағы тағы бір проблеманың бірі – өңірлік диспропорция. Қазірдің өзінде солтүстік өңірде еңбек күші тапшы. Ал оңтүстікте, керісінше, артық. Болашақта демографиялық процестер мен көші-қон ағынынан диспропорция күшейе түседі.
"Мұның соңы ұзақ мерзімді келешекте солтүстік облыстарда экономикалық тоқыраудың одан сайын күшейіп, жалақының баяу өсуіне және жұмыспен қамтылған халық санының азаюына әкеп соғуы мүмкін. Жоғары бәсекелестік пен еңбек өнімділігінің төмендігінен осыған ұқсас жағдай оңтүстік өңірлерде де байқалу қаупі бар. Оңтүстікте өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар саны артып, көлеңкелі сектордың үлесі көбеюі ықтимал", - деп алаңдаушылығын білдірді орталықтың бас сарапшысы.
Кадр тапшылығы
Алдияровтың айтуынша, қазір елімізде техникалық және жаратылыстану ғылымдары саласында жоғары білікті кадрлар тапшы. Оған себеп – мамандық иелері жоғары табыс пен икемді жұмыс кестесіне қызығып, көбіне жаңа кәсіп меңгеріп, сауда мен қызмет көрсету секторына ауысады.
"Жалпы еңбек нарығындағы жұмыс күшінің сапасына көңіл тола бермейді. Әсіресе, жеке секторда. Жоғары оқу орындары беретін, техникалық және кәсіптік білім қанағаттанарлық деңгейде емес. Өңірлерді сапалы мамандармен қамтамасыз ету мәселесі бар. Біз Солтүстік Қазақстанды білімді өңірлердің бірі ретінде қарастырамыз. Жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар жұмыс істейтін халықтың үлесі еңбекпен қамтылғандардың кем дегенде 90 пайызын құрайды. Бірақ ол жақта жалақы аз, еңбек өнімділігі төмен салалар көп. Яғни бір жағынан біз өңірде кәсіптік білімнің құнсызданып бара жатқанын көріп отырмыз. Жоғары білім жоғары жалақының кепілі емес", - дейді бас сарапшы.
Білікті мамандар шетел асып жатыр
Жоғары білікті мамандардың шекара асуы да өткір мәселеге айналған.
"Ресми деректерге сәйкес, елден кеткен қазақстандықтардың көбінің жоғары және техникалық білімі бар. Еңбек күші сапасының төмендігі де бұл факторды күшейтіп тұр. Яғни еңбек нарығының инфрақұрылымы, нарықтағы мүмкіндіктер біліктілігі жоғары мамандардың қалауын қанағаттандырмайды. Бір жағынан бұл біздің нарықта біліктілігі орташа жұмысшылардың көптеп шоғырланғанын білдіреді", - дейді Алдияров.
Қазіргі еңбек нарығының тағы бір проблемасы – қызметкерлерді біліктілікті арттыру бағдарламасымен қамту деңгейі төмен. Соңғы бес жылда біртіндеп 8%-тен 6%-ке дейін қысқарған.
"Ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 50 пайызға жақындайды. Қазіргі заманда білім өте тез ескіреді, технологиялар да қарқынды дамып жатыр. Осыны ескерсек, еңбек ресурсының сапасы үшін кадрларды қайта дайындау аса маңызды", - дейді ол.
Әйелдерге қарағанда ерлерге көбірек төлейді
Алдияровтың айтуынша, еңбек нарығында гендерлік теңсіздік әлі де сақталған. Лауазымы мен орындайтын міндеті бір болса да, ер мен әйелге екі түрлі еңбекақы төленеді. Арадағы айырмашылық 15-20 процент шамасында.
"Мәселен, жекелеген мамандықтар бойынша ерлердің ең жоғары айлығы 1,5-2 млн теңгеге дейін барады, ал әйелдерге ең көп дегенде 700 мың теңгеге дейін төленеді", - дейді бас сарапшы.
Бұл талдау ресми жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинағына сүйеніп жасалған.

Жастар арасындағы жұмыссыздық

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ болжау және зерттеу басқармасының басшысы Қайырбек Аяшев осыдан 15-20 жыл бұрын демографиялық бум кезінде өмірге келген жастар жақын келешекте жаппай еңбек нарығына шыға бастайтынын айтты. Осының салдарынан еңбек нарығына қосымша жүктеме түседі.
"Алдағы жылдары жастар тарапынан еңбек нарығына қысым күшейеді. Тек осы себептен ғана елімізде жұмыссыздық деңгейі өсуі мүмкін деген қауіп-қатер бар. Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық", - дейді ол.
Бас сарапшы Мадияр Алдияров та әріптесінің сөзімен келісті.
"Болжам бойынша алдағы жылдары еңбек нарығына жыл сайын 200-300 мың жас шығады. Бұл үлкен қысым. Еңбек нарығы мұндай көп жұмыс күшінің бір мезетте шығуына бейімделе алмайды. Жұмыс күші үшін бәсекелестік күшейеді, ал бұл өз кезегінде орташа жалақының төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін", - дейді маман.
Бұдан бөлек жаңа технологиялардың біртіндеп енуі мен дамуы қызметкерлерге жоғары талап қояды. Ал осы талаптарға бейімделе алмағандар өз саласында қажетсіз болып, жұмыссыз қалуы мүмкін. Біліктілігін арттырмаса, азға қанағат етіп, қара жұмысқа жалдануға мәжбүр болады, дейді Аяшев.

Қазақстанға қандай мамандар қажет

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы алдағы жеті-сегіз жылда елімізде жоғары сұраныста болатын мамандықтарды атады.
Болжау және зерттеу басқармасының басшысы Қайырбек Аяшевтың айтуынша, қажет мамандардың көшін бухгалтерлер бастап тұр. Күзетші, сатушы, көлік жүргізушісі, еден жуушы, шаштараз бен аспазға да әрқашан сұраныс болады. Тіпті дағдарыс кезінде де.
"Оларға ақырындап жаңа технологиялармен байланысты мамандықтар қосылады. Мысалы компьютер, ноутбук, смартфондардың келуімен, интернет пен әлеуметтік желілердің дамуымен программистер мен ІТ-мамандары елімізде көптен бері сұраныста. Сондай-ақ SMM-менеджерлерді де көп іздейді. Сайт, мобильді қосымша әзірлейтін мамандарға да сұраныс жоғары болып тұр", - дейді ол.
© SputnikҚазақстанға қажет мамандар тізімі
Қазақстанға қажет мамандар тізімі - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.02.2024
Қазақстанға қажет мамандар тізімі
Келешекте Қазақстанға ауадай қажет мамандықтардың бірі – мұғалімдер. Бұл елдегі балалар санының көбеюімен байланысты.
"2003-2004 жылдары елімізде демографиялық бум басталғанын білесіздер, ол қазір де жалғасып жатыр. Осыған байланысты балалардың үлесі айтарлықтай көп және жыл сайын өсіп жатыр, тиісінше педагогтерге қажеттілік ұлғая береді. Әсіресе, бастауыш және орта мектеп мұғалімдеріне", - дейді Аяшев.
Орталық сарапшылары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасымен қажет мамандықтарға орташа мерзімді болжам жасаған.
Оған сәйкес, 2023-2030 жылдарға әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдеріне қажеттілік 45 мың адамды, жаратылыстану ғылымдары бойынша 39 мың адамды құрап отыр. Сондай-ақ алдағы жеті жылда бастауыш сыныптар үшін 32 мың мұғалім даярлау қажет болады.
Болашақта өзектілігін жоғалтпайтын мамандықтың бірі – медицина қызметкері.
"Жалпы бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы өсіп келеді. Соның есебінен зейнеткерлердің саны мен үлесі де артып жатыр. Егде жаста неше түрлі ауру көбейетіні де белгілі. Алдағы уақытта ақхалаттыларға сұранысты арттыратын факторлардың бірі де осымен байланысты. Халық саны, соның ішінде егде жастағылар мен зейнеткерлер саны өсіп жатыр. Сол себепті медбикелер мен дәрігерлер әжептәуір көп керек болады", - дейді болжау басқармасының басшысы.
Мәселен, сегіз жылда медбикелерге қажеттілік 39 мың адамды құрайды. Ал терапия саласына 12 мың маман қажет.
Жаңалықтар
0