Білім

Қазақстанның 100 мектебінде пилоттық режимде буллингке қарсы бағдарлама іске қосылады

© Photo : акиматНа юге Казахстана дали новое здание школе, построенной еще в 1965 году
На юге Казахстана дали новое здание школе, построенной еще в 1965 году - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.02.2024
Жазылу
АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. Келесі жылы Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы буллингке қарсы бағдарлама пилоттық режимде іске қосылады, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте зорлық-зомбылықтан және буллингтен жапа шеккендерге көмек беру мәселесі талқыланды.
Кеңеске қатысушылар буллингке ұшыраған немесе куә болғандарды анықтау мен оларға қолдау көрсету әдістемесі қабылданғанын айтты.
Республика 111 нөмірі бойынша байланыс орталығы іске қосылды. Әдістемеге сәйкес мамандар қысым жасаған тараппен де, буллингке ұшыраған жақпен де жұмыс жасайды.
"Бұдан бөлек "Назарбаев Зияткерлік мектептерімен" бірлестікте Финляндияда оң нәтиже көрсеткен KiVa бағдарламасын пилоттық режимде жүзеге асыру көзделген", - деп атап өтті үкімет.
"Назарбаев Зияткерлік мектептерінің" басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, жоба алдағы оқу жылында басталады.
"Алғашқы кезеңде елде 100-ден астам мектеп таңдалып, тиісті шаралар кестесі әзірленген. Әдістеме мазмұны бейімделіп, мамандар оқытылып жатыр", - деп атап өтті ол.
Жанғозин егер бағдарлама нәтижелі болса, тәжірибе өзге білім ошақтарына таратылатынын айтты.
Буллингке қарсы шаралар аясында өңірлік психологиялық қолдау орталықтарының қатарын көбейтіп, жұмысын күшейту мақсаты қойылды.
"Кризистік жағдайда демеу болар мекемелер елдің барлық аймағында ашылуы керек", - деп атап өтті кеңеске қатысушылар.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан келтірген дерекке сай облыстар бұл жұмысты маусым айына дейін аяқтайды.
"Зорлық-зомбылық пен буллингтен жапа шеккендерге қолдау көрсету кабинеттері мен орталықтардың жұмысы маңызды. KiVa бағдарламасын пилоттық режимде жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қолға алуды тапсырамын. Оған қатысатын білім ошақтарын таңдау критерийлерін мұқият қарастыру қажет", - деді Дүйсенова.
Жаңалықтар
0