Мәскеуде Қазақстанның ҰҚШҰ-дағы негізгі басымдықтары талқыланды
© Photo : Аккаунт Секретариата ОДКБ в социальных сетях Символика ОДКБ
Жазылу
Жиын Қазақстандағы баспа күніне орай ұйымдастырылды
АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. Мәскеудегі ҰҚШҰ хатшылығында Қазақстан Республикасының ҰҚШҰ-дағы басымдықтарына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жиын Қазақстандағы баспа күніне орай ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның ҰҚШҰ-дағы тұрақты өкілі Марат Сыздықов, ғалымдар мен журналистер қатысты.
"Шараға қатысушылар әскери-саяси жағдайдың даму үрдістеріне қатысты өзара пікір алмасты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының ҰҚШҰ-дағы төрағалығы аясында басым бағыттарының бірі – аймақтағы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады", - делінген ресми хабарламада.
Ал ұйымның ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Юрий Шуваловтың айтуынша, еуразиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған ғылыми жұмыстардың авторларына қолдау көрсетіледі. Осы орайда жас сарапшыларға басымдық беріледі.
Айта кетері, биыл 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндеті Қазақстан Республикасына өтті. Бұған дейін президент Тоқаев негізгі басымдықтарды ұсынған болатын. Олар:
ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату;
әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас;
халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту;
есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымына да қарсы күрес;
қару-жарақтың заңсыз айналымымен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес;
төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайту;
ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылды жандандыру.