Қазақстанда GPT чатының баламасы жасалады – Мусин

© Sputnik/Ертай СарбасовDigital Almaty 2024 форумы
Digital Almaty 2024 форумы - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.02.2024
Жазылу
Қазақстан жасанды интеллектке өзінің цифрлық өнімімен енуді мақсат етіп отыр
АЛМАТЫ, 1 ақпан – Sputnik. Болашақта қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді ChatGPT форматында байланыс жасау арқылы ала алады. Бұл туралы Digital Almaty 2024 цифрлық форумында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.
"БҰҰ рейтингі бойынша Қазақстан қазірдің өзінде онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 8-ші орында, ал жалпы электронды үкіметті дамыту бойынша 28-орында тұр", - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 93 пайызға жуығы электронды түрде көрсетіледі, 50 миллион анықтама мүлдем алынып тасталды.
"Өйткені біз ақпараттық жүйелерді интеграциялап, мемлекеттік құрылымдар мен ұйымдарға анықтама талап етуге тыйым салдық", - деді Бағдат Мусин.
Ол биыл e-Gov өнімдеріне жасанды интеллект енгізуге назар аударыла бастағанын атап өтті.
Бағдат Мусин қазақстандықтар жақын арада мемлекеттік қызметтерді ChatGPT форматындағы байланыс арқылы алады деп есептейді.
"Қазіргі әзірлеме қазақ тіліне аударылады, біз қазақ тілді LLM құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - деді ол.
Назарбаев Университетімен бірлесе отырып, қазақстандық әзірлеме базасында GPT чатының баламасын жасау жұмысы басталған.
"Бұл басқа өнімді пайдалану немесе қайта пайдалану емес, Қазақстан жасанды интеллектке өзінің цифрлық өнімімен енуді мақсат тұтып отыр", - деп түйіндеді Бағдат Мусин.
Алматыда Digital Almaty 2024 цифрлық форумы өтіп жатыр. Форумда 200-ден астам спикер сөз сөйлейді. Үш күнге созылатын цифрлық іс-шараға 30 мыңнан астам адам келеді деп жоспарланып отыр.
Жаңалықтар
0