"Түс көремін": екі көлік ұтқан шабандоз бала тұлпарды танудың құпиясын бөлісті - видео

© Айдана ДайыроваМұхаметәли Анарбекұлы
Мұхаметәли Анарбекұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.01.2024
Жазылу
Мұхаметәли қазіргі күні 9-ші сыныпта оқиды. Ол осы күнге дейін бәйгеден оза шауып екі көлік, 5 млн теңге ақшалай сыйлық ұтқан
АЛМАТЫ, 31 қаңтар - Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданында Мұхаметәли есімді шабандоз бала тұрады. Ол 8 жасынан бәйге атына мініп, екі көлік, 5 млн теңгеден астам ақша ұтқан.
Мұхаметәли Анарбекұлымен Sputnik Қазақстан тілшісі тілдесіп қайтты.
Мұхаметәлидің атасы жылқышы болған. Атасының жанында жылқы қайырып жүріп, ол бес жасында ерге қонады.
"Бес жасымда атқа отырдым, 8 жасымда бәйгеге қатысуға деген ниет пайда болды. Ең бірінші рет қатысқаным Қордайдағы 16 шақырымға шапқан құнан бәйгесі болды. Алғаш бәйгеге шапқанда қорықтым, бірақ сол қорқынышымды жеңуім керек болды", - дейді шабандоз Мұхаметәли Анарбекұлы.
© Айдана ДайыроваМұхаметәли Анарбекұлы
Мұхаметәли Анарбекұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.01.2024
Мұхаметәли Анарбекұлы
Ат ойнақтап, бас бермей кететін кездер болады, дейді шабандоз.
"Бәйгеге шабардан бұрын тұлпардың тілін білу керек. Жалпы бәйгеде екі көлік, түйе, ақшалай сыйлық ұттым. Барлық ұтқан ақшам шамамен 5-6 млн теңгедей болады. Бірінші көлігім "Лада гранта", екінші ұтқан көлігім - "Шевроле кобальт". Көліктерді аттың иесі алады. Жаттықтырушы 30%, мен 10%-ін аламын. Алған ақшамның бәрін ата-анама бердім", - дейді Мұхаметәли.
© Айдана ДайыроваМұхаметәли Анарбекұлы
Мұхаметәли Анарбекұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.01.2024
Мұхаметәли Анарбекұлы
Шашасына шаң жұқпай тұлпары бәйгеден орын аларда Мұхаметәли алдан-ала түс көремін дейді. Бәйгеден аты келмей, көзіне талай жас алған да сәттер болған.
"Жылаған кездерім болды. Келесі бәйгеде қайтсем де ұтамын деп өзімді жұбатамын. Жалпы бәйгеге шабарда аттың жағдайын байқау керек, сезіне білу керек. Әр аттың дене бітімі, мінез-құлқы әртүрлі болады. Ат та білдіреді, шапқысы келетінін немесе көңіл-күйі жоқ екенін. Бәйгеге шапқысы келген ат жүндерін тастап, қоюлана бастайды", - дейді бәйге атының сырына қаныққан бала.
Мұхаметәли қазіргі күні 9-ші сыныпта оқиды. Күнделікті таңғы сағат бесте тұрып аттарды суарып, жем-шөбін салып, сабағына барады. Сабақтан соң да аттың бабын жасап, тұлпарлардың қасында жүреді.
© Айдана ДайыроваМұхаметәли Анарбекұлы
Мұхаметәли Анарбекұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.01.2024
Мұхаметәли Анарбекұлы
"Кейде бәйге аты халыққа қарай шабады. Көкшетаудағы тай жарысында мен мінген тай шапқысы келмей, адамдардың ортасына кіріп кетті. Бірінші рет бәйгеге түскен тай екен. Бір көлікті қағып кетті, тай да, мен де аман. Ал көліктің иесі ренжімеді. Жалпы әр жылы 25 бәйге атына мініп шабамын. Қай жерде бәйге бар, барлық жерге барамын", - дейді Мұхаметәли.
Қаршадай шабандозға ұсыныс көп жасалады. Өйткені Мұхаметәлидің дене бітімі шағын, атқа ауыр емес. Тәжірибесі де мол.
"Ең өкінішті сәт - мәреге екі ат қатар бірінші болып жеткенде екінші орын алып қалсам, сол кезде қатты өкінемін. Ондай кезде расымен қиналамын. "Неге бұлай істемедім, алай жасасам дұрыс болар ма еді" деген әттеген-айлар болды", - дейді шабандоз Мұхаметәли Анарбекұлы.
Тілшімізбен сұхбатын тәмамдаған шабандоз бала Алатау атты тұлпарына мініп, егіс алқабына қарай кетті. Оған тағы бір тұлпардың бабын келтіру керек.
Ат баптап жүргендердің айтуынша, Қазақстанда шабандоз балалар саны тым азайып кеткен.
Жаңалықтар
0