Жолаушылар тасымалы сервисі автовокзалдарды тақырға қалай отырғызды

© Sputnik / Санат ИмангалиевАстана. Виды зимой
Астана. Виды зимой - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.01.2024
Жазылу
Заңсыз жолаушылар тасымалы күрт көбейіп кетті
АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда қалааралық автовокзалдардың басым бөлігі жабылудың шақ алдында тұр. Көлік министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде үш облыста ғана автобус станциялары тиісті деңгейде істеп тұр. Ал басқалар жарым-жартылай қызмет көрсетеді. Себебі заңсыз жолаушылар тасымалы күрт көбейіп кетті. Ондайда көлік жүргізушілері InDrive қосымшасын жиі пайдаланады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген жүргізуші жолаушылар тасымалы сервисі автовокзалдарды тақырға қалай отырғызғанын және күн сайын қанша табыс табатынын айтып берді.

"Қазақтар Toyota-ны жақсы көреді"

Бүгінде InDrive қосымшасымен ақша тауып жүрген көлік жүргізушілері аз емес. Біреулері жолаушыларды тек бензинді ақтау үшін алса, енді біреулері тұрақты табыс көзіне айналдырған. Олардың ішінде астаналық Нұрлан Жұматаев (кейіпкер өз атын өзгертуді сұрады – Sputnik) та бар. Осы кәсіппен айналысып жүргеніне екі жылдай уақыт болып қалыпты. Әзірге басқа салаға ауысатын ойы жоқ.
"Бас кезінде мен қала ішінде адам тасып көрдім. Шынымды айтсам, одан шаршап кеттім. Кептеліс те, бағдаршам да көп, сосын күніне біраз адамды тасисың. Жүйкең де, көлік те тез тозады. Маған қалааралық тасымал ұнады. Тасжолға шығасың да, жақын жердегі бір-екі қалаға барып келесің. Табысы да жаман емес", - дейді ол.
Қазіргі кезде Нұрлан Қарағанды мен Степногорға адам тасып жүр. Ол үшін жылы жаңа көлік те сатып алған.
"Қазақтар Toyota-ны жақсы көреді ғой. InDrive-ке тапсырыс беретіндерге Toyota десең, көбісі бірден келіседі. Мысалы, Степногорға дейін бәріміз бір адам үшін 5 000 мың теңге аламыз. Ал ұсынылған көліктердің арасында Lada Granta немесе басқа бір орташа маркалар болса, жолаушылар сол бағаға Lada-ны емес, Toyota-ны таңдайды", - деп атап көрсетті Жұматаев.
Көлік жүргізушілері жолаушылардың минивэндардан, әсіресе, оң рульді көліктерден қорқатынын да жақсы біледі. Себебі дәл осы маркалар жол апатына жиі түседі.

Тұрақты клиенттердің базасы бар

InDrive жүргізушілері арасында ішкі маркетинг те жақсы жолға қойылған. Олар адамды жол-жөнекей алатындарға тапсырыс бермеуге тырысады.
"Бізде Toyota жүргізушілері ғана кіретін WhatsApp-чат бар. InDrive –ке тапсырыс түссе, барынша көбірек адам жинаймыз. Жол-жөнекей алып кететіндерге клиент бермеуге тырысамыз. Мысалы, мен бір қалаға баратын адамдарға қоңырау шалып, тапсырысты қабылдай беремін. 5 адам ба, 10 адам ба, алып кетемін деп айтамын. Клиенттер көп жағдайда көліктің маркасын ғана сұрайды. Содан төрт адамды өзіме қалдырамын да, қалғанын чатқа жіберемін. Оларды Toyota мінген басқа жігіттер алып кетеді", - дейді Нұрлан.
Ал жолаушыны апарып тастағаннан кейін өздері алып кетуге тырысады. Осылайша, тұрақты клиенттердің базасын ұлғайтып отырады.
"Мен жұма күні төрт адамды Степногорға апарсам, төртеуі де жексенбі күні қайтады. Мен олардан айырылмауға тырысамын. Өздері де жылы әрі ыңғайлы салоннан кейін мені күтіп отырады. Жексенбіге дейін тағы адам тасимын да, кешке қарай кері қайтатын клиенттерім дайын тұрады. Ал келесі жолы тағы барса, маған хабарласып жатады. Біз жолаушыларды "қармақта" ұстауға тырысамыз ", - дейді ол.

Күніне қанша ақша түседі

Нұрлан Жұматаев күніне бір-екі рейс жасайды. Бір қалаға барады да, сол күні қайтып келеді. Степногорға салонның бағасы - 20 000 теңге (4 адам), қайтып келетін адамдар да тура сондай ақша төлейді.
"Кей кезде бір адамнан 4 500 теңге түседі. Мысалы, бір үйден екі-үш адам шықса, олар сәл төмен баға ұсынады. Бірақ бізге ондай клиенттерді алған тиімді. Себебі қаланы аралап, бір-бірден адам жинамайсың. Бір жерден алып кетесің де, бір жерге апарып тастайсың", - дейді Жұматаев.
Оның айтуынша, сәлемдемелермен де жақсы табыс табуға болады. Бір затты апарып бергені үшін кем дегенде 2000 теңге, ал сәлем-сауқат үлкен болса, бағасы да жоғарылайды.
"Мен бір рет "флешка" үшін 10 000 теңге алдым. Кішкентай ғана зат, көп орын да алмайды. Менің кейбір таныстарым осы сәлем-сауқатты тасып, біраз ақша тауып жатыр. Адам алмайды, тек сәлемдеме тасиды. Біреудің көңіліне қарап отырмайсың, затты тиеп аласың да, жолға шыға саласың. Одан да жақсы табыс түседі", - деп атап көрсетті Нұрлан.
Астанадан Степногорға бір барып келгеннен 40 000 теңге табуға болады екен. Бензин багын толтырып алса, сол жаққа тағы баруға да жетеді. Сонда қосымша 20 000 теңге түседі. Бензинге 9 000 теңге кетеді.
InDrive жүргізушілері мобильді аударымдардың бақылауға алынғанын да жақсы біледі. Сол себепті жолда клиенттерден бензин үшін төлеп беруді сұрайды. Ал қалған ақшаны өздеріне немесе жақын адамдарына аудартады. Сонда мобильді аударымдардың саны көп болмайды.

Автовокзалдар шығынға ұшырады

Қазіргі кезде Степногорға баратын автобус жоқ. Пойыз болса, қаланы айналып өтеді. Бұрын қаладағы автовокзалдан сағат сайын жүрген автобустардың орнына шағын көліктерді шығарды. Бірақ соның өзі бірде бар, бірде жоқ. Халықтың бәрі InDrive-ге тапсырыс беріп кетті.
Жақында көлік министрлігінде осы мәселеге қатысты үлкен жиын өтті. Автостанция басшылары заңсыз тасымалға қатысты өз наразылығын да айтты. Олар InDrive сияқты агрегаторлармен бәсекеге түсе алмай, шығынға батып жатыр. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанның 3 облысында ғана автовокзалдар тиісті деңгейде жұмыс істеп тұр. Қалааралық автобус қатынасы жылдам болмаса да, артықшылығы көп. Олар:
жолаушыларды сақтандыру;
жүргізушілерді медициналық тексерістен өткізу;
автобустарды рейс алдында тексеру;
Ал ең бастысы автостанциялар бюджетке салық төлеп отырады. Осы ақшадан зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы және тағы басқа әлеуметтік төлемдер беріледі.
Министрлікте өткен жиын төрт сағатқа созылды. Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру, барлығына тең мүмкіндік жасау және заң талаптарын сақтау бойынша бірқатар ұсыныс жасалды. Соның барлығы алдағы уақытта егжей-тегжейлі қаралады.
Жаңалықтар
0